«RESPUBLICA: ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА МЕН ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР ПАРТИЯСЫ»
Қазақстанды кәсіп ашып, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық дәстүрді сақтап, өзіне және өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар құруда. Respublica – бұл өзін ел дамуына арнаған әрбір азаматтың партиясы. Біз билікті немесе капиталды қорғамаймыз. Біз адамдарды қорғаймыз. Біз өсіп-өркендеуіміз бен дамуымызға көптеген мүмкіндіктер беретін Конституциямызды қорғаймыз әрі қолдаймыз.
Біздің Бағдарламамыздың негізінде қарапайым әрі түсінікті формула жатыр: Ауқатты азамат – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел.
Осы формуланың құрамдас бөліктерін ашатын Бағдарламамыздың төрт бағыты – қазақстандық арманның төрт тірегі: Әл-ауқат, Жауапкершілік, Тиімділік және Қауіпсіздік. Олар Respublica партиясының қазақстандықтар үшін нақты не істеп жатқанына және алдағы уақытта не істейтініне тікелей жауап береді.
I. Халықтың әл-ауқаты
Әрбір азаматтың, әрбір отбасының әл-ауқаты – мемлекетіміздің өркендеуі мен қуаттылығының берік негізі. Біз экономикалық даму, ең алдымен, кәсіпкер, жалдамалы жұмыскер, фермер, инженер немесе өз ісімен айналысатын маман болуына қарамастан әрбір жанның өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс деп есептейміз.
Біз халық табысының тұрақты өсуін айқын әрі ашық тетіктер арқылы қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ табыс пен жетістік тамыр-таныстық пен артықшылықтарға емес, әр адамның жеке бастамасы мен адал еңбегіне негізделетін әділ экономикалық жүйені қалыптастыруға ұмтыламыз.
1.1 Кәсіпкерлер және жұмыскерлер
Respublica ел игілігі үшін өз еңбегімен құндылық жасап жүрген барлық азаматтардың – кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмыскерлердің, дәрігерлер мен инженерлердің, фермерлер мен өз ісінің шеберлерінің мүддесін қорғайды. Біздің ұстанымымыз – әрбір азамат үшін ортақ, әділ әрі тең қағидалар орнату.
Экономикалық патриотизм. Қазақстандық өнім ішкі нарықта бизнес пен тұтынушы үшін басты таңдауға айналуы тиіс. Біз сапалы отандық өнімді өндіру мен тұтынуды ынталандыру шараларын әзірлейміз, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қараймыз және нарығымызды өз тауарларымызбен қамтамасыз ету үшін терең өңдеу саласын басым бағыт ретінде дамытамыз. Елімізде азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен құрылыс материалдары неғұрлым көп өндірілсе, экономикамыз импортқа, валюта бағамының құбылуына және сыртқы шектеулерге соғұрлым аз тәуелді болады, ал азаматтар сапалы өнімді қолжетімді бағамен тұтынуға мүмкіндік алады.
Ол үшін біз:
қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарға әділ салықтық жеңілдіктер мен ашық әрі тиімді қолдау шараларын қамтамасыз етеміз;
басым салалардың санын 10-ға дейін қысқартып, осы салалардағы шағын және орта бизнеске қолжетімді кредиттік қаржыландыруды қамтамасыз етеміз;
халықаралық сапа стандарттарын (ISO және басқа да стандарттарды) енгізуге жәрдемдесеміз;
терең өңдеу саласында қуатты индустриялық кластерлер құрамыз;
шетелдік компанияларға қатысты демпингке қарсы тергеу тетіктерін енгіземіз;
сауда желілерінің сөрелеріндегі отандық тауарлардың үлесіне қарай сараланған салық мөлшерлемелерін енгіземіз.
Табыстың өсуі. Мемлекет кәсіпкерлерді дамуға мәжбүрлемей, керісінше, олардың дамуын ынталандыруы тиіс. Ол үшін біз:
бизнесті салықтық ынталандыру арқылы жалақының өсуін;
жұмыскерлердің құқықтарын қорғаймыз: әділ еңбекақы төлеуді, қауіпсіз еңбек жағдайларын және еңбек заңнамасының сақталуын;
бірыңғай 25% төлемді енгізу арқылы еңбекақы төлеу қорынан (ЕТҚ) төленетін міндетті төлемдер жүйесін реформалауды;
жеке сектор жұмыс істейтін әрі бәсекелестік қалыптасқан салалар мен бағыттарда мемлекеттік тапсырыс көлемін қысқартуды қамтамасыз етеміз. Мемлекеттік компаниялар тек нарық қамтамасыз ете алмайтын қызметтермен ғана айналысуы тиіс, ал қалған жағдайларда адал бәсекелестік үшін тең жағдай жасауға міндетті.
Орта тапты қолдау. Қуатты орта тап – елдің қарқынды дамуы мен өркендеуінің басты негізі. Ол үшін біз:
бизнес-құзыреттерді арттыру және жеңілдетілген несиелендіру арқылы жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасын әзірлейміз;
түсінікті әрі болжамды салық саясатын қалыптастырып, азаматтардың ұзақ мерзімді инвестицияларын ынталандырамыз;
әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға және оның уақытша сипатын күшейтуге негізделген әлеуметтік қолдау жүйесін реформалаймыз. Ол үшін әлеуметтік көмекті алу мерзімі нақты белгіленетін әрі азаматтарды өз әл-ауқатын дербес жақсартуға ынталандыратын әлеуметтік келісімшарт тетігін енгіземіз;
креативті индустриялардағы бизнес пен креаторларды қолдаудың кешенді пакетін әзірлеп, экспорттан түсетін кірістерді салықтан босату тетігін енгіземіз.
1.2 Базалық салаларды қолдау
Жаһандық протекционизм күшейген жағдайда Қазақстан экономикалық жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін базалық салаларды дамытып, күнделікті тұтыну тауарларының өндірісін ұлғайтуға тиіс. Онсыз қазақстандық тауарларды тұтыну мәдениетін қалыптастырып, қуатты отандық брендтерді дамыту мүмкін емес.
Біздің міндетіміз – баршаға ортақ, ашық әрі түсінікті ережелерді қалыптастыру. Тауарлар, кедендік рәсімдерді айналып өтпей, елге заңды жолмен әкелінген жағдайда ғана, дүкендердегі әділ баға, мемлекеттік бюджетке түсімдер және адал бәсекелестік қамтамасыз етіледі.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін біз:
жаһандық брендтермен бірлесіп, күнделікті тұтыну тауарларын өндіруді жергіліктендіру үшін өндірістік кластерлер құрамыз;
монополияға қарсы саясатты өндірісті жергіліктендіруді қолдауға қайта бағдарлаймыз. Ірі шетелдік платформалар мен бөлшек сауда желілерінің нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдалануына жол бермейміз; – бәсекелестік ортада мемлекеттік компаниялар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесін нақты қысқартамыз;
егер агроөнеркәсіптік кешен субъектілері мен фермерлерге көзделген мемлекеттік қолдау (лизингті субсидиялау, жеңілдетілген қарыздар және басқа да құралдар) бір жыл немесе одан да ұзақ мерзім ішінде іс жүзінде көрсетілмесе, көрсетілмеген қолдау сомасына салықтық шегерім алу мүмкіндігін енгіземіз;
цифрландыруды дамыту, тауарларды қадағалау жүйесін енгізу, сондай-ақ контрабанда мен контрафактілік өнімге қарсы тиімді күрес арқылы экономикадағы «көлеңкелі» импорттың үлесін азайтамыз;
экспортқа тыйым салу енгізілген жағдайда экспорттық келісімшарттардың орындалмауынан туындаған шығындарды өтеу арқылы бизнестің мүддесін қорғаймыз.
1.3 Инвестициялар, қаржы және банк жүйесінің экожүйесі
Тұрақты қаржы экожүйесі – экономиканың қан тамырлары жүйесі. Қазақстан ішкі және сыртқы капитал үшін тұрақтылықтың тірегіне әрі тартымды инвестициялық алаңға айналуға тиіс.
Инвестициялық ахуал:
инвестициялар мен озық технологияларды тарту үшін басым салаларды айқындау;
инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті қағидаларды қалыптастыру, меншік құқығы мен шарттардың қорғалуына кепілдік беру;
әлеуметтік саладағы жеке бастамаларды белсенді қолдау: жекеменшік мектептердің, ауруханалардың, балабақшалардың, жатақханалардың, спорт және әлеуметтік қорғау нысандарының құрылысы мен дамуын ынталандыру;
«салық төлеу көлеңкелі экономикада жұмыс істегеннен тиімді болуы тиіс» қағидатына негізделген түсінікті әрі ашық салықтық әкімшілендіруді қалыптастыру.
Қаржы институттары:
негізсіз ысырапшылдыққа емес, нақты кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағыттау арқылы несиелендірудің қолжетімді әрі жауапты болуын қамтамасыз ету;
азаматтарды алаяқтықтан қорғау мақсатында барлық банктердің антифрод-орталығына міндетті түрде қосылуын қамтамасыз ету;
необанктерді дамытуға және клиенттер үшін бәсекелестікті күшейтуге қолайлы реттеушілік орта қалыптастыру;
транзакциялық шығындарды азайту мақсатында «Сұңқар» ұлттық төлем жүйесін дамытуды басымдыққа айналдыру;
дәрігерлердің, заңгерлердің, аудиторлардың, құрылысшылардың және өзге де мамандардың кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін дамыту, сондай-ақ киберқауіптер мен дербес деректердің жылыстау тәуекелдерін сақтандыру жүйесін дамыту;
сақтандыру сыйқақысын субсидиялау мөлшерлемесін 20%-дан 10%ға дейін төмендету арқылы агросақтандырудың қолжетімділігін арттыру;
азаматтардың, бизнестің және мемлекеттің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін құрал ретінде заманауи сақтандыру тетіктерін дамыту;
зейнетақы қоры қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне қатаң бақылау орнатып, оның жұмысын барынша жоғары нәтижеге қол жеткізуге бағыттап қайта құру.
1.4 Білім
Сапалы білім – әрбір адамның, оның отбасының және тұтас елдің табысты болашағының кепілі. Қоғам дипломға табынудан бас тартып, еңбек нарығында сұранысқа ие нақты білім мен практикалық дағдыларға басымдық беруі тиіс.
Біздің мақсатымыз – білімді өмірде де, еңбек нарығында да нақты пайда әкелетін жүйеге айналдыру. Ол үшін қоғамды сапалы кәсіптік колледждермен, жоғары оқу орындарымен және заманауи білім мен дағдылармен қамтамасыз ету қажет. Осы мақсатта біз:
жекеменшік балабақшалар мен мектептер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін сақтаймыз;
өңірлік жаңа кәсіптер атластарын еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сәйкестігі тұрғысынан қайта қарап, жаңа кәсіптерді белсенді енгіземіз;
мектептерде жасанды интеллект технологияларын оқытуды дамытып, білім беру процесіне жасанды интеллект құралдарын кеңінен енгіземіз;
жұмысшы және инженерлік мамандықтардың беделін арттырамыз;
жоғары оқу орындарындағы корпоративтік басқару жүйесіне аудит жүргізу, академиялық еркіндікті кеңейтеміз;
цифрландыру мен онлайн-білім беруді дамыту арқылы жоғары білім беру жүйесін реттеуді жаңартып, білім беру қызметтерінің экспортын дамытамыз;
жоғары оқу орындарын аккредиттеудің декларативті әрі монополиялық жүйесін жойып, білім беру бағдарламаларын тәуелсіз бағалау институттарын қалыптастырамыз.
1.5 Денсаулық сақтау
Денсаулық – артықшылық емес, адамның өмір салтының нәтижесі. Ал төтенше жағдайларда мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тұрақты түрде жарна төлейтін әрбір азаматқа қолдау көрсетуге міндетті.
олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында сауда үстемесіне шекті мөлшер белгіленетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатпайтын тауарлардың (жеке гигиена құралдары, репродуктивтік мақсаттағы тауарлар және басқа да өнімдер) тізбесін қалыптастыру;
медициналық қарап-тексерулер мен скринингтер жүргізу кезінде формализмге жол бермеу;
тиімділігін, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында МӘМС жүйесін толық цифрландыру;
МӘМС жүйесін қайта қарап, сақтандыруды жекеменшік медициналық ұйымдарда пайдалану мүмкіндігін кеңейту;
жоғары технологиялық медициналық орталықтардың әлеуетін пайдалана отырып, медициналық туризмді дамыту;
медициналық туризм (ішкі және сырттан келу) орталықтарын қолдау бағдарламасын іске асыру.
1.6 Инклюзия
Барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерсіз күшті қоғам құру мүмкін емес. Мүгедектігі бар адамдар білім алуға, еңбекке, қалалық ортаға, көлікке, мемлекеттік қызметтерге және заманауи технологияларға толық әрі кедергісіз қол жеткізуге тиіс. Мемлекеттің міндеті – олардың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою және ел өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау.
мүгедектіктің медициналық моделінен әлеуметтік моделіне көшу, әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жасанды интеллект негізіндегі ассистивтік технологияларды (виртуалды сурдоаудармашылар, ақылды домофондар, жедел қызметтерді шақыру батырмалары және т.б.) пайдалана отырып цифрландыру;
мүгедектігі бар адамдар үшін төтенше жағдайлар туралы хабарлау жүйесінің қолжетімділігіне аудит жүргізу;
қалалық орта мен қоғамдық көліктің қолжетімділігіне жыл сайын қоғамдық аудит жүргізу;
мүгедектігі бар адамдарға тұрақты күтім жасайтын азаматтарға мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігін қоса алғанда, салықтық жеңілдіктер мен қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізу;
заң шығару процесінің әрбір кезеңінде инклюзивтілікке міндетті талдау жүргізуді енгізу;
өндірістік жазатайым оқиғалардың салдарынан жұмыскерлердің мүгедектікке ұшырауына немесе қаза болуына жол берген компаниялар үшін салық мөлшерлемелерін бірнеше есе арттыру.
II. Жауапкершілік
Мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың өзара жауапкершілігінсіз елдің орнықты дамуы мүмкін емес. Құқықтар мен міндеттердің теңгерімін сақтау ғана қоғамдағы сенімді нығайтып, бәріне ортақ әділ қағидаларды қалыптастыруға және ұзақ мерзімді экономикалық өсудің берік негізін қалауға мүмкіндік береді. Жауапкершілік – қуатты мемлекеттің, тиімді экономиканың және әрбір азаматтың әл-ауқатының негізі.
Respublica партиясы мемлекеттің ашық әрі есеп беретін болуға, бизнестің қызметін адал әрі жауапкершілікпен жүргізуге, ал азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысып, заң талаптарын сақтауға тиіс екеніне сенімді. Мемлекет, бизнес және азаматтар деңгейіндегі жауапкершілік мәдениеті – қоғамдық келісімді нығайтудың, мемлекеттік басқару сапасын арттырудың және қуатты Қазақстанды құрудың басты алғышарты.
2.1. Мемлекеттің азаматтар мен бизнес алдындағы жауапкершілігі
Мемлекет ашық, айқын әрі есеп беретін болуға тиіс. Әрбір кәсіпкер, инвестор және азамат экономикалық әрі құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына сенімді болуы қажет:
азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыру. Біз есептілік көлемін қысқартып, мемлекеттік сервистерді бизнес үшін барынша ыңғайлы, тұрақты әрі іс жүзінде «байқалмайтын» деңгейге жеткіземіз;
«Ашық бюджеттер және ашық деректер» қағидаты мемлекеттік шығыстарды, тендерлерді және мемлекеттік бағдарламаларды қамтуға тиіс;
түсінікті әрі тұрақты ережелер. Азаматтар мен бизнес өз қызметін қандай құқықтық талаптар негізінде жүзеге асыратынын нақты білуі үшін заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеміз;
рейдерлік әрекеттерден қорғауды күшейтіп, жеке меншікке және инвесторлардың мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік береміз;
соттардың жүктемесін азайтып, дауларды неғұрлым жедел әрі тиімді шешу мақсатында азаматтар немесе бизнес пен мемлекет арасындағы даулар бойынша сотқа дейінгі медиацияны дамытамыз;
«Ашық НҚА» порталында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жариялау тәжірибесін қалпына келтіріп, кеңейтеміз;
өмір мен денсаулыққа зиян келтірмеген құқық бұзушылықтардың барлық түрлері бойынша шағын және орта бизнес үшін профилактикалықескерту шараларын кеңейтеміз.
2.2. Бизнестің ел алдындағы жауапкершілігі
Бизнес қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Біз өз қызметін адал әрі жауапкершілікпен жүргізетін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, жұмыскерлердің құқықтарын сақтайтын, инфрақұрылымды дамытуға және қоғамның өркендеуіне үлес қосатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Біз адал бәсекелестікті жан-жақты қолдаймыз. Нарық бірнеше ойыншының қолында шоғырланған жағдайда тұтынушы ұтылады. Ал адал бәсекелестік бағаның төмендеуіне және тауарлар мен қызметтердің сапасының артуына ықпал етеді.
бизнес субъектілерінің қызмет жүргізетін өңірлерінде инфрақұрылымның, білім және денсаулық сақтау саласының дамуына қатысуын қолдау;
әлеуметтік жобаларды қолдау және қызметкерлердің оларға қатысуын ынталандыру;
экологиялық таза технологияларды енгізуге бейілділік және қоршаған ортаға теріс әсерді азайту;
қызметкерлерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру бағдарламалары арқылы адами капиталға инвестиция салу;
бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) инвестиция салуын, сондай-ақ университеттермен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастығын қолдау;
салықтарды адал төлеу және көлеңкелі схемалардан бас тарту. Біз заңды әрі ашық жұмыс істеудің тиімді болуына жағдай жасаймыз.
2.3. Азаматтың келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілігі
Қазіргі заманда әркім өз өміріне өзі жауапты. Ешкім сіздің болашағыңыз үшін сіздің орныңызға жауапкершілік ала алмайды. Әрбір азамат өз өмірінің сапасына өзі жауап береді. Мемлекеттің міндеті – дұрыс таңдауға ынталандыратын жағдай жасау, ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – азаматтың өз таңдауы.
азаматтарды өмір бойы білім алуға және біліктілігін ұдайы арттыруға ынталандыру;
халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру;
параспортқа, ұлттық спорт түрлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріне басымдық бере отырып, бұқаралық спортты дамытуға жәрдемдесу;
киберспортты дамытуға қолдау көрсету және Қазақстанды халықаралық киберспорт жарыстарын өткізетін жетекші алаңдардың біріне айналдыру;
заңға құрмет пен заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Қазақстанда заңдар мен қағидаларды сақтау әрбір табысты азаматтың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс.
2.4. Экология, қалалық орта және табиғатқа жауапкершілікпен қарау
Жауапкершілік қоршаған ортаға да қатысты. Табиғатқа, қалалық ортаға және жануарларға жауапкершілікпен әрі жанашырлықпен қарау әрбір азаматтың өмір салтына айналуға тиіс:
елді мекендердегі ауа мен су сапасына жеке мониторинг жүргізуге жағдай жасау;
қалдықтарды бөлек жинауды жүзеге асыратын тұрғын үйлер үшін коммуналдық қызметтерге сараланған тарифтер енгізу және ұжымдық жауапкершілік қағидатын қолдану;
қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинаумен және сұрыптаумен айналысатын субъектілер үшін алғашқы өткізу кезінде қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату тетігін енгізу;
вандализм мен қоғамдық кеңістіктерді ластағаны үшін ұжымдық жауапкершілік тетіктерін енгізу;
жекеменшік ормандарды құрудың құқықтық негізін қалыптастыру және өрттер мен су тасқындарынан зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіру тетіктерін дамыту;
өңірлердің инфрақұрылымдық бағдарламаларына жауын-шашын суларын жинау және тазарту жобаларын енгізу;
жануарларға арналған панажайлар мен әлеуметтік мекемелерді қолдайтын азаматтар мен кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізу.
2.5. Ұлт бірлігі
Қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісім – еліміздің орнықты дамуының негізгі алғышарттарының бірі. Халықтың бірлігі, өзара құрмет пен ортақ болашақ алдындағы жауапкершілік мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтады әрі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға берік негіз қалайды.
Respublica партиясы ұлттық бірлікті Әділетті Қазақстанды құрмай нығайту мүмкін емес деп есептейді. Әділетті Қазақстан – бұл тең мүмкіндіктерге негізделген, ашық, қуатты және өркендеген мемлекет, сондай-ақ прогрессивті әрі жауапты қоғам.
«Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары қоғамдық дамудың, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара сенімді нығайтудың, жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың және заңға құрметті орнықтырудың берік негізі болып қала береді.
Осы қағидаттарға сүйене отырып, партия Қазақстан халқын құрайтын барлық этностардың мәдени мұрасын сақтауды және дамытуды қолдайды. Сонымен қатар ортақ азаматтыққа, тең мүмкіндіктерге, еліміздің тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметке негізделген біртұтас қазақстандық бірегейлікті нығайтуды жақтайды.
Ұлттық бірлік пен қазақстандық бірегейлікті нығайту мақсатында Respublica партиясы мыналарды ұсынады:
ұлттық ерекшелікті дәріптейтін кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыру. Оның аясында ұлттық асхана мейрамханаларын, тіл орталықтарын және дәстүрлі қолөнерді дамытуға қолдау көрсетіледі;
шетелде уақытша тұратын қазақстандықтармен тұрақты байланыс орнатып, сарапшылық қауымдастықтардың әлеуеті мен тәжірибесін еліміз үшін маңызды міндеттерді шешуге тарту тетіктерін қалыптастыру;
шетелде ұзақ уақыт тұрғаннан кейін елге оралған азаматтардың өзімен бірге әкелген активтері мен қаражатын салық салудан босату;
ұлттық қолөнер мен ішкі туризмді дамыту мақсатында жергілікті материалдар мен конструкцияларды пайдаланатын кемпингтерді, глэмпингтерді және демалыс күнгі туризм нысандарын қолдау. Мемлекеттік органдардың импорттық кәдесый өнімдерін сатып алуына тыйым енгізу;
халықтық қолөнер шеберлеріне арналған гранттық және білім беру бағдарламаларын іске асыру;
азаматтық және патриоттық тәрбиені жүйелі түрде дамыту.
III. Тиімділік
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі – еліміздің жедел әрі орнықты дамуының басты кепілі.
Мемлекет өзінің күш-жігерін стратегиялық міндеттерді шешуге жұмылдырып, экономикаға негізсіз араласуды қысқартып, азаматтар мен бизнеске қызмет көрсетуге бағдарланған сервистік мемлекетке айналуға тиіс. Respublica партиясы сервистік мемлекет қағидаттарын жүйелі түрде ілгерілетеді.
3.1. Мемлекеттік араласуды азайту, нарық еркіндігін кеңейту
Мемлекеттің міндеті – бәсекелестікті бақылау емес, оның еркін дамуына жағдай жасау. Respublica партиясы негізгі қызметке қатысы жоқ мемлекеттік активтерді кең ауқымды жекешелендіруді және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені барынша азайтуды қолдайды.
мемлекеттік кәсіпорындарды түгендеу, негізгі қызметке қатысы жоқ әрі тиімсіз активтерді анықтау, оларды ашық сауда-саттықтар мен аукциондар арқылы өткізу, сондай-ақ жүйелі түрде пайдаланылмайтын активтерді тарату;
артық лицензиялау талаптарын, әкімшілік кедергілер мен негізсіз тексерулерді жою;
салалар мен бизнестің дамуын тежейтін ескірген құқықтық нормалар мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында заңнамаға кешенді аудит жүргізу;
өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бақылау функцияларының бір бөлігін бере отырып, салаларды өзін-өзі реттеуді дамыту және кәсіби қауымдастықтардың рөлін күшейту;
ішкі процестерді автоматтандыру және цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметшілердің штат санын оңтайландыру;
«1:1» қағидатын енгізу арқылы бюджеттік инвестициялар жүйесін қайта қарау, яғни мемлекет тікелей қоса қаржыландыруды тек соған тең көлемде жеке инвестициялар тартылған жағдайда ғана жүзеге асырады.
3.2. Инфрақұрылым
Дамыған инфрақұрылым – бәсекеге қабілетті экономиканың басты негізі. Бүгінде өңірлердің даму деңгейінде елеулі теңгерімсіздік сақталуда. Біз осы алшақтықты жоюға бағытталған жүйелі шараларды іске асырамыз.
табиғи монополияларды реттеу жөніндегі функцияларды Үкіметтен Президентке тікелей бағынатын тәуелсіз органға беру;
мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы реттеуді қайта қарап, жобаларды әзірлеу, іске асыру және бағалау рәсімдерін жеңілдету, сондайақ МЖӘ-нің үлгілік жобаларын әзірлеу;
облигациялар мен цифрлық активтер арқылы азаматтар мен бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға қатысу тетіктерін дамыту;
көлік және оған байланысты қызметтер үшін төлем жасау жүйелерін (автомобиль жолдары, автотұрақтар, жанармай құю станциялары және т.б.) бірыңғай жүйеге біріктіру;
көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, заманауи логистикалық орталықтар желісін қалыптастыру, автомобиль және теміржол көлігі салаларын кешенді дамыту;
өңірлерде электр энергетикасын, газдандыруды және жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымын дамыту.
3.3. Сервиске бағдарланған мемлекет
Жаңа Конституция мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы арқылы өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер береді.
Мемлекет – бақылаушы емес, азаматтарға қызмет көрсететін тиімді институт болуға тиіс.
азаматтар мен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыру;
салықтық және салықтық емес төлемдердің түрлерін қысқартып, бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін оларды төлеу мерзімдерін біріздендіру;
лонгитюдтік зерттеулердің нәтижелеріне негізделген қоғамдық-саяси ахуалды бағалау жүйесін реформалап, олардың қорытындыларын салалық саясатты қалыптастыруда кеңінен пайдалану;
ePetition сервисін азаматтық бастамаларға арналған ресми платформа ретінде кеңінен дамыту және оның қолданылу аясын кеңейту;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді күшейту, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту арқылы құқықтық реформаны жүзеге асыру.
3.4. Технологиялардың жауапты енгізілуі
Технологиялар – жаңа мүмкіндіктердің көзі. Алайда оларды енгізу азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталып, қоғам мен экономика үшін жаңа тәуекелдердің туындауына жол бермеуі тиіс.
заманауи технологияларға қатысты пилоттық жобалардың (пилотсыз такси, дрон-курьерлер, криптоактивтармен есеп айырысу және т.б.) нәтижелерін бағалауға сарапшыларды, қоғам өкілдерін және Парламент тарту;
пилоттық жобаларды кеңінен енгізу нәтижесінде еңбек жағдайына әсер етуі мүмкін жұмыскерлер үшін бейімделу бағдарламаларын міндетті түрде әзірлеу;
экономика мен қоғам үшін елеулі тәуекелдер анықталған жағдайда технологияларды енгізуге тікелей тыйым салу тетігін енгізу.
IV. Қауіпсіздік
Қауіпсіздік – орнықты қоғам мен қуатты мемлекеттің берік іргетасы. Біз үшін қауіпсіздік – тек сыртқы қатерлерден қорғану ғана емес, бұл ең алдымен экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, ақпараттық және азықтүлік тұрақтылығын толық қамтамасыз ету.
Тек осы бағыттардың барлығын нығайту арқылы ғана Қазақстан өз азаматтарының ұзақ мерзімді әл-ауқаты үшін берік әрі сенімді жағдай жасай алады.
4.1. Қарулы Күштерді жаңғырту және қорғаныс қабілетін нығайту
Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен гибридті қауіптер заманауи әрі тиімді шешімдерді талап етеді. Біз ең озық технологияларды, халықаралық үздік тәжірибені және меритократия қағидаттарын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін кешенді жаңғыртуды қолдаймыз.
келісімшарт бойынша әскери қызметке кезең-кезеңімен толық көшу;
лудоманияға қарсы жүйелі күрес жүргізу, әскери қызметшілердің банктік операциялары мен мерзімі өткен берешегіне бақылауды, оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі мамандандырылған мониторинг жүйелері арқылы қамтамасыз ету;
тұрақты даярлау мен біліктілікті арттыруды көздейтін белсенді жұмылдыру резервін қалыптастыру;
бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында Қарулы Күштерді басқару жүйесін реформалау және меритократия қағидаттарын енгізу;
елдің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет ететін талдау орталықтарын (think tank) құру;
ұлттық киберкеңістікті қорғау үшін мамандандырылған киберқорғаныс бөлімшелерін құру және отандық ақпараттық технологиялар инфрақұрылымын дамыту;
қосарлы мақсаттағы технологияларды, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, киберқауіпсіздік жүйелерін және басқа да қолданбалы әзірлемелерді басым тәртіппен қаржыландыру;
инженерлік әскерлердің әлеуетін қалпына келтіру және әскери қызметтің баламалы түрлерін дамыту.
4.2. Қауіпсіз орта
Әрбір жауапты азамат өз өмірі мен мүлкін қорғауға құқылы. Біз қауіпсіз жолдар мен қауіпсіз аулалардың жоғары стандарттарын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырамыз. Өйткені біздің еліміз – балаларымыз бен жарқын болашағымыз үшін ең қауіпсіз орта болуы тиіс.
заң бәріне бірдей. Әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әркім заң алдында тең болуы тиіс. Заңның үстемдігі бұлжымай орындалып, құқық қолдану тәжірибесі кез келген субъективті көзқарас пен жалған «дәстүрлердің» ықпалынан тәуелсіз болуы қажет. Бұл қағидат, әсіресе сталкинг, некеге мәжбүрлеу мақсатындағы адам ұрлау, қорқыту, сондай-ақ әйелдерге, қарттарға және балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерін қарау кезінде қатаң сақталуға тиіс;
балалар мен отбасын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан және буллингтен қорғаудың пәрменді тетіктерін енгізу.
4.3. Азық-түлік, фармацевтикалық, су және энергетикалық қауіпсіздік
Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі – кешенді қауіпсіздік жүйесінде. Қазақстан азық-түлікпен өзін-өзі толық қамтамасыз етуге, су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалануға және қуатты, сенімді энергетикалық жүйені құруға міндетті.
Азық-түлік қауіпсіздігі:
қолжетімді кредит беру мен лизингті дамыту, агротехнологиялық парктер құру арқылы ауыл шаруашылығын жаңғырту;
аграрлық ғылымға инвестицияларды ұлғайту, аграрлық сала мамандарына жоғары стипендиялар тағайындау және оларды жұмыспен қамтуға кепілдік беру;
ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту бағдарламаларын кеңейту, көтерме жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру;
фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың кепілді әрі уақтылы ұсынылуын қамтамасыз ету, бюрократиялық кідірістерге жол бермеу;
ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді қолжетімді қаржыландырумен қатар, заманауи сақтау технологияларымен жабдықталған логистикалық және қоймалық орталықтар салу;
отандық ұшқышсыз ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсететін сервистік орталықтар желісін дамытуды ынталандыру.
Фармацевтикалық қауіпсіздік
отандық дәрілік заттар өндірушілер үшін фармацевтикалық субстанциялар өндірісін жергіліктендіруді қолдау;
Қазақстанды клиникалық зерттеулерді (онкологиялық, орфандық және аутоиммундық аурулар бойынша) жүргізудің халықаралық орталығына айналдыру үшін арнайы реттеушілік негіз қалыптастыру.
Су қауіпсіздігі:
адами факторды барынша азайту мақсатында су тұтыну және сарқынды су бұру салаларын толық цифрландыру;
пайдаланылмайтын су көлемін су пайдаланушылар арасында тиімді қайта бөлуге, су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыруға және су ысырабын азайтуға мүмкіндік беретін су квоталарын бөлудің цифрлық жүйесін және олардың айналымының реттелетін нарығын қалыптастыру;
су ресурстарын пайдаланудың нақты әрі ашық қағидаларын әзірлеу және ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді ынталандыру;
инфрақұрылымдық бағдарламаларға жауын-шашын суларын жинау, тазарту және сақтау жобаларын енгізу.
Энергетикалық қауіпсіздік:
атом энергетикасын, сутегі энергетикасын және жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдау;
мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы энергетикалық және жылу инфрақұрылымын жаңғырту;
энергетикалық аудит жүргізуді қолдау және тұрғын үй және өндірістік нысандардың энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларын іске асыру;
сындарлы инфрақұрылымның цифрлық және жасанды интеллектке негізделген қауіп-қатерлерге төзімділігін күшейту мақсатында кибер оқужаттығулар өткізу.
Біз Сені қатарымыздан көргіміз келеді!
Respublica – еңбек ететін, салық төлейтін, ұрпақ тәрбиелейтін, кәсіп ашатын және өз болашағын тек Қазақстанмен байланыстыратын азаматтардың партиясы. Біз сіздің орныңызға бәрін істеп береміз деп уәде етпейміз. Біз әрбір азамат өз бүгіні мен болашағын өз еңбегімен қалыптастыра алатын жағдай жасауға ұмтыламыз.
Біздің бағдарламамыз – бізге сенім артқан әрбір азамат алдындағы нақты міндеттемелер. Сол міндеттемелердің орындалуы үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз.
Біздің ұстанымымыз қарапайым әрі түсінікті: адал еңбек әрбір азаматқа лайықты өмір сүруге мүмкіндік беруі тиіс.

