«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕДІ ЕЛІМІЗ!
Астана, 2026 жыл
МАЗМҰНЫ
1. АУЫЛ: ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!
«Ауыл» партиясы өз сайлаушыларына адал қызмет етудің 26 жылдық жолынан өтті. Осы жылдар ішінде партия таңдаған бағытынан ауытқыған жоқ. Атауын да, идеологиясын да өзгерткен емес. Жағдайға немесе саяси үдерістерге бейімделмеді. БІЗ алғашқы күннен бастап өз қағидаттарымызға адалмыз. Біздің күшіміз де – осында. БІЗ өстік, жетілдік, тәжірибе жинақтадық, нығайдық, қуатымыз артты. Ең бастысы – БІЗ болмысымызды сақтадық.
БІЗ – бүкіл елдің мүддесін ойлайтын партиямыз!
БІЗ «ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ОРТАЛЫҚ» даму қағидатын, экономиканың орнықты өсуін, халқымыздың ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін, рухани құндылықтарын сақтауды, сондай-ақ келер ұрпақ үшін қолайлы экологиялық ортаны қамтамасыз етуді қолдаймыз. БІЗ Мемлекет басшысы айқындаған «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП», «АДАЛ АЗАМАТ», «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» қағидаттарын еліміздің өркендеуінің берік негізі деп білеміз.
БІЗ – жалпыхалықтық партиямыз!
«Ауыл» партиясының идеологиялық тұғырнамасы:
АДАМ – мемлекеттің ең басты құндылығы;
ЕҢБЕК – береке бастауы, даму негізі;
ТУҒАН ЖЕР – әр қазақстандықтың рухани тірегі, ел өркендеуінің қайнар көзі;
ҚАЗАҚСТАН – ортақ болашақ біріктірген бір елдің азаматтары, яғни бізбіз.
2. МӘЖІЛІСТЕГІ ЖҰМЫСЫМЫЗДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
«Ауыл» партиясының 2023 жылғы Парламент сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ урбанизация жағдайында ауыл мен қала арасындағы өзара теңгерімді іс-қимылды қалыптастыруға бағытталған экономикалық реформаларға негізделді.
БІЗ құрғақ уәде берген жоқпыз – БІЗ өзімізге жауапкершілік алып, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. БІЗ заңдар, түзетулер және қағидатты ұстанымдар арқылы бағдарламалық міндеттерді ауыл тұрғындары, аграрлық сала өкілдері және ел азаматтары үшін нақты өзгерістерге айналдырдық.
«Ауыл» партиясы ӨЗІНІҢ ұран үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істейтінін дәлелдеді. Партияның белсенді жұмысының арқасында соңғы жылдары Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 2021 жылғы 140 миллиард теңгеден 2026 жылы 1,5 триллион теңгеге дейін, яғни 11 есеге ұлғайтылды. БІЗ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің барлығы – 500 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі үшін қолданыстағы барлық жеңілдікті сақтай отырып, ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болған жағдайда жеңілдік көлемін 80 пайызға дейін арттыруға қол жеткіздік, бұл ретте барлық қолданыстағы жеңілдіктер сақталды. БІЗ 1,6 миллион жеке қосалқы шаруашылық үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу тетігін одан әрі дамытуды қолдадық.
Сондай-ақ БІЗ Үкіметке кепілсіз және несие тарихын талап етпейтін мал және құс өсіруге арналған тауарлық несие берудің бірегей тетігін әзірлеп, ұсындық. Бұл өз ісін бастауға және жүздеген жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік берді. Жоба ауыл тұрғындарының да, қалалықтардың да сұранысына ие болды.
Ауыл шаруашылығын дамытудағы суару жүйесі мен су ресурстарының шешуші рөлін түсіне отырып, БІЗ Су ресурстары және ирригация министрлігін құру бастамасын көтерген алғашқылардың бірі болдық. Бұл суармалы жерлер көлемін 312 мың гектардан 1,3 миллион гектарға дейін ұлғайту жөніндегі маңызды мемлекеттік шешімнің қабылдануына ықпал етті.
Жаңа Су кодексінде БІЗ фермерлер үшін еріген қар суын жинау көлемін артық бюрократиялық рәсімдерсіз 300 мыңнан 2 миллион текше метрге дейін ұлғайтуға қол жеткіздік.
Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындардың 80 пайызына дейінгі бөлігін субсидиялау тетігі енгізілді. Нәтижесінде, соңғы екі жылдың өзінде су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 30 мың гектардан 150 мың гектарға дейін, яғни 5 есеге артты.
БІЗ «Жайылымдар туралы» заңға маңызды түзетулер енгіздік. Онда, атап айтқанда, ауыл тұрғындарының қоғамдық жайылымдарды пайдалану құқығы заң жүзінде бекітіліп, оларды жекеменшікке беруге тыйым салынды.
«Ауыл» партиясы 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының қабылдануына ықпал етті. Бұл аграрлық секторға қосымша 3 триллион теңгеден астам қаражат тартуға мүмкіндік берді.
БІЗ әлеуметтік қолдауды күшейтуге және отандастарымыздың мүддесін қорғауға елеулі үлес қостық.
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар үшін, әсіресе I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін біздің күш-жігеріміздің арқасында салық салудан босатылатын табыс мөлшері 882-ден 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұл шешім мүмкіндігі шектеулі 350 мыңнан астам адам үшін маңызды қолдау шарасы болды. БІЗ азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтіп, электронды үкімет порталы арқылы микронесиелерге ерікті түрде тыйым салу бастамашыларының бірі болдық. Қазірдің өзінде осы мүмкіндікті 5,1 миллион қазақстандық пайдаланып, өздерін алаяқтардан қорғады. БІЗ «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдауға бастамашы болдық. Заңның қабылдануы нәтижесінде ішінде жүкті әйел, көпбалалы ана және зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағаны үшін алғаш рет сотталғаны бар 2 мыңнан астам әйел бостандыққа шықты. Осылайша көптеген әйел өз қателіктерін түсініп, отбасына оралып, балаларымен қауышуға мүмкіндік алды. БІЗ әскери қызметшілеріміздің тамақтануын жақсарту бойынша ел бюджетіне өзгерістер енгізуді қамтамасыз ете алдық. 2026 жылдың қаңтарынан бастап күнделікті азық-түлік үлесінің құны 40%-ға арттырылды, бұл еліміздің Қарулы Күштерінің 40 мыңнан астам сарбазын қамтамасыз етуді тікелей жақсартты.
Партия Мемлекет басшысы жариялаған «Адал еңбек – лайықты табыс» қағидатын толық қолдай отырып, мыңдаған өз белсенділерін мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсыну бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Ең жоғары атақ – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Ақтөбе облысының фермері Аманғос Сансызбайұлы Төлеуов пен Батыс Қазақстан облысының педагогы Эльмара Асқарқызы Траисова біздің партияластар. БІЗ «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын тағайындауды қолдадық. Аграрлық саланың үздік өкілдері былтырдан бастап осы құрметті атақты ала бастады.
БАСТАЛҒАН ІСТІ БІРГЕ ЖАЛҒАСТЫРАЙЫҚ!
Мәжілістегі 98 депутаттың бар болғаны 8-і ғана «Ауыл» партиясының фракциясынан болды. Өкілдіктің шектеулі болуы жүйелі заңнамалық бастамаларды ілгерілетуді объективті түрде қиындатты. Сондықтан жоспарланған бастамалардың барлығын бірден жүзеге асыру мүмкін болмады. Десек те, қатарында фермерлерге қолжетімді қаржыландыру ұсынатын мамандандырылған Агробанк құру және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» жеке заң қабылдау мәселесі бар қалған бағыттар бойынша жұмыс жалғаса береді.
3. БІЗДІҢ БАҒДАРЛАМА: ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ОРТАЛЫҚ
Қала мен ауыл бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне қажет. Қуатты ауыл – бүкіл елдің тұрақты дамуының кепілі. БІЗ ауылдарды дамыта отырып, қалаларды нығайтамыз. Қалаларды нығайта отырып, өңірлерді дамытамыз. Өңірлерді дамыта отырып, Қазақстанды күшейтеміз. Біздің жаңа бағдарламамыз – бұрынғы қағидаттардан бас тарту емес, оларды одан әрі дамытып, мемлекеттік стратегия деңгейіне көтеру.
БІЗ НЕ УӘДЕ ЕТЕМІЗ?
«Ауыл» партиясы алға «Қуатты мемлекет қуатты өңірлерден құрылады» атты айқын мақсатпен қадам басады. Біздің бағдарламамыз – барлық өңір, қалалар мен ауылдар өркендейтін, әр азаматқа өмір сүру мен дамуға тең мүмкіндік берілетін болашаққа бастайтын жол картасы.
БІЗ Қазақстанның болашағы үшін 7 басымдық ұсынамыз:
1. Әділетті мемлекет – өркендеген қоғам
БІЗ Мемлекет басшысының адам мүддесін қорғау, еңбек құндылығы, ұлттық егемендікті нығайту, өңірлердің тұрақты дамуы және әрбір азаматтың өмір сүру, даму және өзін-өзі таныту үшін лайықты жағдайларға қол жеткізуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге негізделген саясатын толық қолдаймыз.
Осы саясатты жүзеге асыра отырып, БІЗ:
1) азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бойынша, оның ішінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, балаларды, денсаулықты, мүлікті және азаматтардың заңды құқықтарын қорғау бойынша кешенді шараларға бастамашы боламыз;
2) Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға жәрдемдесіп, азаматтардың өз өңірлерінің даму басымдықтарын айқындауға және олардың өмір сүру сапасына әсер ететін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеміз;
3) ауылдық округтерге жергілікті мәселелерді шешу үшін салық түсімдерінің бір бөлігін қалдыру құқығын кезең-кезеңімен беруді жақтаймыз;
4) бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығына қол жеткізу үшін ашықтықтың цифрлық құралдары, оның ішінде жергілікті бюджеттердің шығыстары туралы ақпаратқа онлайн-қолжетімділік және қоғамдық бақылауды дамыту арқылы күш саламыз;
5) мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және азаматтардың шенеуніктермен тікелей байланысын қысқартуға жәрдемдесеміз;
6) аудандық деңгейде халық судьяларын сайлау институтын енгізуге бастамашылық жасау арқылы сот жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етеміз;
7) ауылдық учаскелік полиция инспекторларын халықтың тікелей сайлауына бастамашылық жасаймыз;
8) барлық инфрақұрылымдық жобаға міндетті қоғамдық бақылау орнатуды қолдаймыз;
9) мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың орындалмауына жол берген мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігін күшейтуге қол жеткізуге тырысамыз;
10) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мемлекеттік саясатын ілгерілетеміз;
11) әр аудан орталығында мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарының қызметін «бір терезе» қағидаты бойынша жетілдіруге ықпал етеміз;
12) азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және әкімшілік қолдау көрсету, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау барысында өтініштерін сүйемелдеу және құқықтарын қорғау үшін «Ауыл көмегі» кеңес беру орталықтары желісін құруға бастамашылық жасаймыз;
13) мәжбүрлі ішкі көші-қонды және ірі қалаларға түсетін салмақты азайта отырып, елдің барлық аймағында өмір сүру, жұмыс істеу және өз қабылетін іске асыруы үшін тең мүмкіндіктер жасауды жақтаймыз.
2. Азық-түлік қауіпсіздігі мен қолжетімді бағалар – тұрақтылық негізі
Біздің мақсат – Қазақстанды өзін азық-түлікпен толық қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуеті жоғары аграрлық державаға айналдыру.
Қуатты ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әр отбасының өмір сүру сапасының негізі. БІЗ сапалы отандық өнімнің әрбір азаматқа қолжетімді болуын және ауыл өндірушілерінің еңбегі лайықты бағалануын жақтаймыз.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін БІЗ:
14) 1,6 миллион жеке қосалқы шаруашылықты нақты экономикалық айналымға белсенді тартуды жақтаймыз, оларға мемлекеттік қолдау шараларына, қаржыландыруға және кепілді өнім өткізу нарығына жол ашамыз;
15) жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қолжетімді және тез өзін-өзі ақтайтын бизнес түрлерін ілгерілетеміз;
16) өнім өндіру, өңдеу және өткізудегі күш-жігерді біріктіру үшін, сондай-ақ кепілдендірілген өткізу және уақтылы төлеу тетіктерін құру үшін тауар өндірушілер кооперациясын дамытуға жәрдемдесеміз;
17) қала тұрғындарының отандық өндірушілердің өнімдеріне тікелей қолжетімділігін қамтамасыз ете және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін өткізу мүмкіндіктерін кеңейте отырып, қалаларда кооперативтік дүкендер желісін құруға бастамашылық жасаймыз;
18) мемлекеттік қолдауды шынымен өнім өндіретін және жұмыс орындарын құратын адамдарға бағыттай отырып, аграршыларды уақтылы және әділ субсидиялауға қол жеткіземіз;
19) отандық өндірушілердің мүдделерін қорғаймыз және бизнес жүргізудің тұрақты, түсінікті және болжамды ережелеріне, оның ішінде қарапайым және өзгермейтін салық жүйесіне қол жеткіземіз;
20) Агробанк құруға және өңірлер экономикасын дамыту үшін қолжетімді қаржы құралдарын жасауға қол жеткіземіз;
21) өнімділікті болжау, құрғақшылық тәуекелдерін басқару және фермерлерді мемлекеттік қолдауды толық цифрландыру үшін Агроөнеркәсіптік кешеннің ұлттық цифрлық платформасын құруға жәрдемдесеміз;
22) ірі қалалар, облыс орталықтары, моноқалалар және тау-кен өндіру кәсіпорындарының айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыруды қолдаймыз;
23) өнім шығынын азайту, отандық өндірушілерді қолдау және азаматтарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауылдағы заманауи қоймалардан – қала маңындағы тарату орталықтарына –тұрғын үй ауласындағы сауда нүктесіне дейінгі агрологистикалық инфрақұрылымның бірыңғай желісін құруға бастамашылық жасаймыз;
24) қоғамдық бақтар, шағын бақшалар мен мектеп жылыжайларын құру, адам мен жердің байланысын нығайту, балғын экологиялық таза өнімге қолжетімділікті кеңейту арқылы қалалық агромәдениетті дамытуға бастамашылық жасаймыз.
3. Сенімді инфрақұрылым – өңірлерді дамыту кілті
«Ауыл» партиясы әр азаматтың өмір сүруге және дамуға тең мүмкіндігі бар ауылдарды, шағын және ірі қалаларды кешенді дамыту саясатын қолдайды.
Соның аясында БІЗ:
25) алдағы үш жыл ішінде өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жалпы сипаттағы трансферттер көлемін 9 триллион теңгеден астам қаржы бөлуге қол жеткізуге тырысамыз;
26) шекара маңындағы аудандарды қолдаудың арнайы бағдарламасын іске қосуды ұсынып, бизнес пен жас мамандар үшін қосымша ынталандыру шараларын енгіземіз;
27) азаматтардың еліміздің кез келген нүктесіне жылдам әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік беретін шағын авиацияны әсіресе, шалғай және қатынауы қиын өңірлерде дамытуды қолдаймыз;
28) алдағы бес жыл ішінде ауылдық жерлердегі 2 миллионнан астам тұрғынды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге ықпал етеміз;
29) бес жыл ішінде 3 807 елді мекенді 4G байланысымен қамтуға қол жеткіземіз;
30) елімізде, оның ішінде ауылдық жерлерде цифрлық хабтар мен коворкинг кеңістіктерін ашу, онлайн жұмыспен қамту мен цифрлық кәсіпкерлікті қолдау арқылы цифрлық экономиканы дамытуға жағдай жасаймыз;
31) еліміздің әрбір елді мекенінің көліктік байланысы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, барлық санаттағы — республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық автомобиль жолдарының дамуына және сапалы күтіп ұсталуына қол жеткіземіз;
32) Қазақстанның туристік саласын, оның ішінде агротуризмді дамытуға ықпал етеміз.
4. Әділетті әлеуметтік саясат – өмір сапасының кепілі
БІЗ әр азаматқа лайықты өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін, отбасы әл-ауқатын нығайтатын және қала мен ауыл тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыратын әлеуметтік саясатты қолдаймыз.
Бұл бағытта БІЗ:
33) азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарын ашық әрі сенімді қағидалар негізінде дербес басқару құқығын беруді қоса алғанда, зейнетақы жүйесін кешенді реформалауға бастамашылық жасаймыз;
34) мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін инфляция деңгейі мен өмір сүру құнының өсуіне сәйкес жыл сайын индекстеуге қол жеткіземіз;
35) Семей ядролық сынақ полигоны сынақтары зардаптарын және Арал теңізі экологиялық апаты салдарын тартқан азаматтарды қолдау бағдарламаларын жетілдіреміз;
36) тұрғылықты жеріне қарамастан мүгедектігі бар азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтылуын арттыруға және қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатты дамытамыз;
37) еліміздің жетекші клиникаларымен консультациялар өткізу үшін барлық ауылдық медициналық ұйымдарды заманауи телемедициналық технологиялармен қамтамасыз етуге жәрдемдесеміз;
38) қарт адамдар үшін қала мен ауыл арасындағы медициналық көмектің қолжетімділігіндегі теңсіздікті азайтуға қол жеткіземіз;
39) қалалар мен ауылдық аумақтар экономикасының әртүрлі салаларында жұмыс істейтін қызмет көрсету және өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыруға, сондай-ақ олардың еңбек жағдайларын жақсартуға жәрдемдесеміз;
40) ауылдық жерлерде, әсіресе солтүстік өңірлерде қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы мамандары мен әлеуметтік сала қызметкерлері үшін еңбек өтілін бір жарым еселенген мөлшерде есептеуге қол жеткіземіз;
41) арнайы ипотекалық бағдарламаларды дамыту арқылы ауыл тұрғындарына, оның ішінде ауыл дәрігерлері мен мұғалімдеріне қолжетімді тұрғын үйді кеңейтуге ықпал етеміз;
42) ауылдық елді мекендерде жыл сайын 3 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру арқылы жалға берілетін тұрғын үй қорын дамытуды қолдаймыз;
43) ауылдық жерлердегі үйлерді жөндеуді және ауылдарды абаттандыруды жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасына бастамашылық жасаймыз;
44) әр үйді ауыз сумен және газбен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз етуге қол жеткіземіз;
45) коммуналдық қызметтер саласындағы тариф белгілеудің ашықтығы мен әділдігін арттыру бойынша шараларына, оның ішінде тарифтердің өсуіне қоғамдық бақылау жасауға және қалалардағы коммуналдық инфрақұрылымның сапасын арттыруға бастамашылық жасаймыз;
46) қалаға көшіп барып, тұрақты жұмыссыз және мемлекеттің негізгі қолдауынсыз қалған ауыл тұрғындары — «жаңа қалалықтарды» қолдау шараларын ұсынамыз.
5. Білім мен ғылым – болашаққа бастар жол
Біз сапалы білім мен дамыған ғылым – ел болашағының негізі екеніне сенімдіміз. Олар әр азаматтың өз қабылетін іске асыруы үшін білімді, дағдылар мен мүмкіндіктерді қалыптастырады.
Осыған орай БІЗ:
47) бүкіл ел бойынша жұмыс берушілермен бірлесіп мектептерде мыңдаған бейіндік сыныптар ашу арқылы орта білім берудегі оқу-өндірістік кешендерді қайта жаңғыртуға ықпал етеміз; 48) әскери қызметтен босатылған және запасқа шығарылған әскери қызметшілерді қоса алғанда, агроколледждер мен аграрлық жоғары оқу орындары базасында оқыту бағдарламаларын дамыту арқылы агроөнеркәсіптік кешенде білім алуға, қайта даярлаудан өтуге және жұмысқа орналасуға мүмкіндіктер жасаймыз; 49) ауыл жастарының аграрлық мамандықтар бойынша (бакалавриат және магистратура) жетекші шетелдік университеттерде жыл сайын білім алуына жәрдемдесеміз; 50) «Ауылдан диплом алуға және ауылға жұмыспен, баспанамен және болашақпен оралу!» жобасына бастамашылық жасаймыз. Ауыл жастары білім алып, туған ауылына жұмыс істеуге оралуы тиіс. Жоба жыл сайын ауылдық квота бойынша білім алатын 30 мыңға жуық студентті қамтуы мүмкін;
51) қолжетімді оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы егде жастағы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруды қолдаймыз;
52) толық циклды өз технологияларымызды дамытуға, асыл тұқымды мал басының, тұқымның және ауыл шаруашылығы техникасының импортына тәуелділікті төмендетуге баса назар аудара отырып, аграрлық ғылымға инвестицияларды дамыған аграрлық секторы бар елдер деңгейіне дейін ұлғайтуға жәрдемдесеміз.
6. Дәстүрлі отбасы саясаты – мемлекет іргетасы
БІЗ аға буынға құрмет көрсетуді, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді, жастардың өз қабылетін іске асыруына жағдай жасауды және әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруды қолдаймыз.
Осыны басшылыққа ала отырып, БІЗ:
53) отбасының рөлін белсенді түрде нығайтуды және қоғамда жауапты әрі құрметті мінез-құлықты қалыптастырудың негізі ретінде үлкендерді, отбасын және адал еңбекті құрметтеу мәдениетін ілгерілетеміз;
54) отбасындағы зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік саясатын жүргізуге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың және қатыгездіктің кез келген түрі үшін қатаң жауапкершілікке қол жеткіземіз;
55) үздік еңбек дәстүрлерін сақтауға ықпал ете отырып, отбасылық еңбек әулеттерінің беделін көтереміз;
56) қаржыландыру мен оқыту бағдарламаларының қолжетімділігін кеңейту арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдаймыз;
57) жоғары оқу орындарының 600 мыңнан астам студенті үшін ақылы жұмыспен қамтуға, еңбекке тәрбиелеуге және әлеуметтік бейімделуге қосымша мүмкіндіктер жасай отырып, студенттік жастар жасақтарын дамытуды мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді іске асырамыз;
58) түлектерді жұмысқа орналастыруды мемлекеттік субсидиялауды көздейтін «Ауылдағы алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына бастамашылық жасаймыз;
59) Қазақстан азаматтарына фермерлік пен аграрлық кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бере отырып, бос жатқан және мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін шаруашылық айналымға тарту бағдарламасына бастамашылық жасаймыз;
60) жас отбасылар, жас мамандар және әлеуметтік сала қызметкерлері үшін қолжетімді баспана саласында қосымша қолдау шараларын қабылдау туралы сауалдар жолдап, отбасылық өмірді өз бетінше бастауға жағдай жасаймыз;
61) жастар үшін лайықты қамтамасыз ету, қауіпсіздік, мансаптық мүмкіндіктер мен әлеуметтік кепілдіктер арқылы армиядағы қызметтің беделін арттыруды қолдаймыз;
62) жастардың белсенді демалысы мен өз қабылетін тануы үшін тең мүмкіндіктер жасай отырып, қалаларда және ауылдарда спорттық және жастар кеңістігін дамыту туралы сауалдар жолдаймыз.
7. Экология – тұрақты даму кепілі
БІЗ табиғи ресурстарды қорғау, жердің құнарлылығын қалпына келтіру, суды ұтымды пайдалану, жасыл аймақтарды дамыту және қалалар мен ауылдық аумақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі қатаң мемлекеттік саясатты жақтаймыз.
Жер мен су – стратегиялық ресурс, олардың сарқылуына жол беруге болмайды.
Осыларды басшылыққа ала отырып, БІЗ:
63) заманауи агротехнологияларды дамыту, жерді ұтымды пайдалану, құнарлылықты қалпына келтіру және орман мелиорациясы бағдарламаларын енгізу мен ауыл шаруашылығы жерлерінің айналасында қорғаныш орман алқаптарын құру арқылы топырақтың деградациялануына жол бермеу бағытында жұмыс істейміз;
64) ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, 2030 жылға қарай суармалы жерлердің ауданын 1,3 миллион гектарға дейін кеңейту және өмірдің барлық саласында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру арқылы су ресурстарын тиімді пайдалануға жәрдемдесеміз;
65) Есіл өзенінің 8 миллиард текше метр еріген қар және тасқын суының бір бөлігін Торғай өзені алабы мен Арал теңізі бассейніне бұру жобасының іс жүзінде жүзеге асырылуына қол жеткіземіз;
66) фермерлік шаруашылықтар үшін күн және жел қондырғыларын қоса алғанда, ауылдық жерлерде жаңартылатын энергетиканы дамытуға жәрдемдесеміз;
67) ауылдық жерлерде тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи жүйесін құруды жақтаймыз;
68) әскери полигондарға жалға берілген жерлерді кейіннен ауыл шаруашылығы мен экономикалық айналымға тарту мақсатында оларды қайтарудың құқықтық тетіктерін әзірлеуге және іске асыруға қол жеткіземіз;
69) қалалар мен елді мекендердің даму бас жоспарларына жаяу қашықтықтағы саябақтар мен гүлзарлар құру, қоғамдық кеңістіктерді ауқымды көгалдандыру, жасыл аймақтарды құрылыстан қорғау және аула аумақтарын абаттандыру іс-шараларын енгізу арқылы қалалардың жасыл инфрақұрылымын дамытуды жақтаймыз;
70) адамдардың экологиялық құқықтарын қорғаушыға айналатын және экологиялық саясаттың ашықтығын қамтамасыз ететін тәуелсіз Экологиялық омбудсмен институтын құруға бастамашылық жасаймыз.
Біздің әр бастамамыз – жарқын болашаққа, қуатты экономикаға, заманауи инфрақұрылымға, инновациялық ауыл шаруашылығына, гүлденген қалаларға, мәдениетті сақтауға және еліміздің тұрақты дамуына жасалған қадам.
4. САЙЛАУШЫЛАРҒА ҮНДЕУ
ҚАДІРЛІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Біздің бағдарламамыз — елімізді дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарымыз.
БІЗ айқын ұстаныммен келе жатырмыз және Қазақстанның өркендеуін Сіздермен бірге біртұтас ұлт ретінде қамтамасыз ете алатынымызға сенімдіміз.
БІЗ БАРШАҢЫЗДЫ біздің бағдарламамызды – мықты өңірлер, әділ экономика және әрбір қазақстандық үшін лайықты өмір бағдарламасын қолдауға шақырамыз.
«Ауылға» берілген дауыс – әділ, қуатты және өркендеуші Қазақстанға берілген дауыс!

