Партиялар

Бюллетеньде № 2

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА бүкіл билік халыққа тиесілі. Қазақстанда жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға барлық мүмкіндіктер бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

«ПРОГРЕСС ЖОЛЫНДАҒЫ 20 БЕЛЕС»

Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА бүкіл билік халыққа тиесілі. Қазақстанда жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға барлық мүмкіндіктер бар.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырудың даңғыл жолынан өтті.

Мемлекеттік институттардың жаңғыртылуына және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге жағдай жасаған конституциялық реформа ел тарихының жаңа парағын ашты.

Өзгерістер туралы пікірталасты тоқтатып, халықтың және келер ұрпақтың игілігіне арналған басты мәселеге күш-жігер салатын уақыт келді.

Мемлекеттің әр үдерісті бақылап, бәрін қадағалауға ұмтылатын басқарушы емес, әділ әрі тиімді реттеуші болу міндетін біз құптаймыз.

Мемлекеттің міндеті – қоғамдағы тәртіп пен ережелердің адал әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңның сақталуын қадағалау. Мемлекет үлкен артықшылығы бар ойыншы ретінде әрекет ете бастаған жағдайда әділетсіздік, жемқорлық қалыпты құбылысқа айналады.

VIII шақырылымындағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде жұмыс атқарғанда, біз мемлекеттік жүйенің ішкі тетіктерін ғана емес, оның тереңде жатқан мәселелерін де анық көрдік.

ЖСДП монополияға, олигархиялық ықпалға және саяси лоббишылдыққа қарсы.

Біз әлеуметтік әділеттілікті, баршаның заң алдындағы теңдігін, адал бәсекені, қоғамдық ынтымақ пен мемлекеттік құрылымдардың барлық азаматтарға бірдей қызмет ететін ашық мемлекетті қолдаймыз.

«Прогресс жолындағы 20 белес» – әділ әрі ілгері өзгерістер туралы бағдарлама. Аталған бағдарламада мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, экономикалық тиімділік және технологиялық даму қамтылған.

Біз Қазақстанның ұлттық байлығы халықтың игілігіне қызмет ететін, технологиялары қоғамның дамуына жұмыс істейтін, ал билік халық алдында есеп беретін мемлекетке айналуға қабілетті екеніне сенімдіміз. Шын мәніндегі прогрестің нағыз жолы – осы.

Партиямыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында осы міндеттерді шеше отырып, біз сіздермен бірге 20 белесті бағындыруға кірісеміз.

I. ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ

1. ЭКОНОМИКАНЫ МОНОПОЛИЯДАН АРЫЛТУ

Ірі компаниялардың қолында нарықтың шоғырлануы экономиканың басты мәселелерінің бірі саналады.

Монополия бәсекені әлсіретеді, бағаларды жоғары деңгейде ұстап, шағын және орта бизнестің даму мүмкіндіктерін шектейді. Мұндай жағдайда экономиканың әділетті және тиімді болуы қиындай түседі.

ЖСДП монополияға қарсы жүйелі саясатты және шешуші салаларды монополиядан артылтуды көздейді. «Ескі Қазақстанның» келеңсіз тұстарын жоямыз.

Нарық бәсекеге ашық болуы тиіс, ал мемлекет тұтынушыларға, кәсіпкерлерге және жалпы экономиканың дамуына нұқсан келтіретін кез келген үстем жағдайдың жолын кесуге міндетті. Ұлттық нарық мен елдің табиғи ресурстары есебінен аса жоғары көлемде табыс табатын ірі бизнес мемлекет пен қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігін орындауы тиіс.

Біз ірі және аса ірі кіріске (сән-салтанат салығы) прогрессивті салық салуды енгізуді, сондай-ақ өңірлерге, әлеуметтік инфрақұрылымға және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бизнестің міндеттемелерін күшейтуді қолдаймыз.

Экономикалық жүйенің шегінде капиталдың өсімі мен қоғамның дамуына тиесілі нақты үлес қатар жүруі тиіс.

2.НӨЛДІК ТӨЗІМДІЛІК – НӨЛДІК ЖЕМҚОРЛЫҚ

Сыбайлас жемқорлықтың кез-келген іс-қимылы мемлекетке деген сенімді әлсіретеді, экономиканың тиімділігін төмендетеді және азаматтар арасындағы алшақтықты арттырады. Халықаралық индекстердің бағалауынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша орташа көрсеткіштерді сақтап отыр. Бұл басқару жүйесінде жүйелі мәселенің бар екенін көрсетеді.

ЖСДП жекелеген бағыттардағы күрестен нөлдік төзімділікке өтуді ұсынады. Мұндай жағдайда сыбайлас жемқорлыққа ережелер, рәсімдер және цифрлық шешімдер деңгейінде жол берілмейді.

Негізгі шаралар:

- Мемлекетті толық цифрландыру – мемлекеттік қызмет көрсетуде, сатып алуда және ресурстарды таратуда адами факторды барынша азайту;

- Ашық бюджет – биліктің барлық деңгейінде шығыстардың ашық болуы;

- Әділ мемлекеттік сатып алу – нақты бәсекелестік пен автоматтандырылған іріктеу рәсімдері;

- Биліктің қаржылық ашықтығы – лауазымды тұлғалардың кірістері мен активтерін міндетті түрде жариялау;

- Мықты қоғамдық бақылау – азаматтық мониторингті дамыту мен заңбұзушылықтар туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, цифрлық ашықтық, институттардың жауапкершілігі қамтамасыз етілген жағдайда сыбайлас жемқорлықтың тұрақты төмендеуіне қол жеткізуге болады.

ЖСДП мақсаты – сыбайлас жемқорлықты жазалаумен ғана шектелмей, оған мүмкіндік бермейтін мемлекет құру.

3. ЕРКІН АЗАМАТ

Мықты мемлекет бақылаудан емес, өз азаматына сенім білдіруден басталады. Адам өз ойын айтуға, ашық сөз сөйлеп, пікірін білдіруге күмәнданса, даму да, әділетті саясат та болмайды.

ЖСДП сөз бостандығына, бірлесу және бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігіне кепілдік беруді сөз жүзінде ғана емес, шынайы саяси тәжірибедегі негізгі принцип деп санайды. Оппозиция заңмен қорғалып, ұстанымы үшін азаматтарға қысым көрсетуге жол берілмесе ғана саяси бәсекелестік болуы мүмкін. Осы бостандықтарды шектеуге бағытталған кез келген әрекет құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылдануы тиіс. ЖСДП сөз бостандығына, бірлесу және бейбіт жиналыстар өткізу еркіндігіне кепілдік беруді шынайы саяси тәжірибедегі негізгі принцип деп санайды. Оппозиция заңмен қорғалып, ұстанымы үшін азаматтарға қысым көрсетуге жол берілмесе ғана саяси бәсекелестік болуы мүмкін. Осы бостандықтарды шектеуге бағытталған кез келген әрекет құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылдануы тиіс.

4. ӘДІЛ ӘРІ ТЕҢ САЙЛАУ. САЯСИ БӘСЕКЕЛЕСТІК

Президент, Құрылтай, мәслихаттар мен әкімдер адал, ашық әрі бәсекелестік жағдайында сайлануы тиіс. Онсыз Қазақстанның дамуы мүмкін емес. Бұл тек сайлау рәсімі ғана емес, сонымен қатар саяси жүйенің қызмет етуінің тұрақты жұмыс істеу қағидаты. Саяси күштердің теңдігі тек сайлау науқаны кезінде ғана емес, ақпараттың, қоғамдық коммуникациялардың және күн тәртібін қалыптастыруға қатысудың қол жетімділігі арқылы тұрақты негізде қамтамасыз етілуі тиіс. ЖСДП саяси процесс қатысушылары арасындағы құрылымдық теңсіздік жойылса ғана саяси бәсекелістік мүмкін болады деп есептейді.

Сондықтан біз барлық тіркелген саяси партиялардың қоғамдық маңызы бар коммуникациялық алаңдарға кепілді әрі болжамды қол жеткізу режимін бекітуді ұсынамыз.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысатын мемлекеттік және қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдары сайлау кезеңіне қарамастан, саяси күштердің ақпараттық кеңістікте тұрақты негізде тең әрі ашық болуына жағдай жасауға міндетті. Бұған тұрақты ақпараттық арналар, қоғамдық маңызы бар форматтарға және халықтың ауқымды топтары арасында танымал бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі кіреді.

Сайлауға деген қоғамдық сенімді арттыру үшін сайлау үдерісінің ашықтығын заманауи технологиялар мен тиімді рәсімдер арқылы қамтамасыз ету қажет. Барлық саяси партиялар мен бақылаушылар үшін дауыс берудің бастапқы хаттамалары, дауыстарды санау нәтижелері тең қолжетімді болуы тиіс. Сайлау үдерісі жабық рәсімдерге емес, ашықтыққа, сайлау деректері мен қабылданған шешімдердің қоғам үшін қолжетімді әрі тексерілуге болатын болуына негізделуі қажет.

Сонымен қатар, саяси партиялардың саяси өмірге қатысуы кезінде кемсітушіліктің кез келген түрін болдырмайтын институционалдық саяси плюрализм қағидаты бекітілуі тиіс. Тіркеу, сайлауға қатысу және саяси қызмет жүргізу шарттары бірыңғай, ашық және мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысымға, елемеушілікке немесе жасанды кедергілерге жол бермейтіндей болуы тиіс. Саяси жүйе демократиялық бәсекелестіктің маңызды элементі ретіндегі шағын және жаңа партиялардың тұрақты жұмыс істеуі мен дамуына кепілдік беруі керек.

Құрылтай қызметінде барлық саяси фракциялар тең рәсімдік мүмкіндіктерге ие болуы қажет: күн тәртібін қалыптастыруға қатысу, сөз сөйлеуге кепілдік берілген уақыт, заңнамалық бастамаларды қараудың ашық ережелері және парламенттік бақылау тетіктеріне тең қол жеткізу.

Құрылтайдың рөлі мен ресурстардың таратылымы саяси қатысудың жасырын шектеулерінсіз, тек өкілеттілік қағидатына негізделуі тиіс. Жалпы алғанда, бұл шаралар орнықты демократиялық үлгіні қалыптастырады. Мұндағы саяси күштердің теңдігі декларативті түрде тек сайлау кезеңінде ғана емес, мемлекеттің тұрақты жұмыс істеу қағидаты ретінде қамтамасыз етіледі. Мұндай түсініктегі демократия – тек дауыс беру рәсімі ғана емес, сонымен бірге саяси бәсекелестікке, ақпаратқа және шешім қабылдау институттарына тең қол жеткізу жүйесімен ұштасуы шарт.

5. КӘСІБИ ҚҰРЫЛТАЙ

ЖСДП Қазақстан Республикасындағы басқару нысанын президенттік жүйеден біртіндеп президенттік-парламенттік жүйеге трансформациялауды көздейді. Бұл биліктің шамадан тыс шоғырлану қаупін азайтып, билік тармақтарының өзара бақылау және тепе-теңдік жүйесін күшейтуге бағытталған. Бірінші кезеңде саяси ықпал ету мен лоббизм қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеп, оның жабық әрі бақылаусыз сипатына жол бермеу қажет. Бұған дейін де ЖСДП парламентаризмді реформалау жөнінде бастамаларды өткір көтерген болатын. Бұрын ұсынылған ұстанымдардың бірқатарын институционалдық тұрғыдан бекіткен конституциялық реформаны ескере отырып, ЖСДП жаңа саяси мәдениет пен жаңартылған ойлау жүйесінің негізіне айналуы тиіс тұжырымдаманы ұсынады. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – халық өкілдігін күшейту, азаматтар алдындағы есептілікті арттыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы тұрақты «көпір» қалыптастыру. Еліміздің депутаттар жұмысының жаңа тәжірибесін жаңа парақтан бастап қалыптастыруға тарихи мүмкіндігі бар. Мұнда олардың жауапкершілігінің, мінез-құлқының және қоғам мен мемлекеттік аппаратпен өзара іс-қимылдың жаңа мәдениеті болады және бұрынғы ұстанымдар өткеннің еншісінде қалады. Ұзақ мерзімді көріністе бұл саяси жүйенің неғұрлым теңгерімді президенттік-парламенттік үлгіге қарай біртіндеп дамуын қамтамасыз етуі керек. Жаңа жүйеде депутаттың сайлаушы алдындағы тікелей жауапкершілігі негізгі қағидат болуы тиіс. Әрбір депутат нақты электораттың мүддесін білдіреді, ал азаматтардың сенімі саяси легитимдіктің басты өлшеміне айналады.

Кәсіби Құрылтай тұжырымдамасы тарихи тәжірибеге негізделеді және жаңа үлгіні жасанды түрде құруды қажет етпейді. Ата-баба дәстүрінде Құрылтай қоғамның ең маңызды мәселелері талқыланатын, ел тағдырына қатысты шешімдер ашық әрі жария түрде қаралып, елдің дамуын айқындайтын шешімдер қабылданатын негізгі алаң болған.

Қазіргі заманғы Кәсіби Құрылтай осы қағидатты сақтап, ұлттық деңгейдегі пікірталас және сараптамалық негіздемедегі алаңға айналуы тиіс. Ол азаматтардың мүддесі тұрғысынан шешімдердің қоғамдық сүзгісі болып, қоғам үшін аса маңызды заң жобалары мен мемлекеттік бастамаларды қоғамдық талқылау және саяси-әлеуметтік тұрғыдан бағалау функциясын атқара алады.

Қоғамдық пікірталас әлеуметтік желілер мен көшелерден Құрылтай қабырғасына өтуі тиіс. Депутаттық пікірсайыс парасаттылық пен салмақты ойдың көрінісіне айналуы қажет. Мұндай үлгінің түпкі мақсаты – барлық шешімдердің өзегінде азамат пен оның мүддесін қою. Бұл жүйеде Құрылтай қоғам мен мемлекет арасын байланыстырушы буынға айналып, тұрақты диалогты, кері байланысты және азаматтардың стратегиялық шешімдер қабылдауға қатысуын қамтамасыз етеді. ЖСДП Кәсіби Құрылтай институтын дамытуға саяси жаңғыртудың және неғұрлым теңгерімді әрі өкілдік саяси жүйеге қарай ілгерілеудің маңызды элементі ретінде қарайды.

6. ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ЖСДП мемлекеттік саясаттың негіздемелі деңгейі ретіндегі жергілікті өзін-өзі басқаруды жүйелі түрде күшейтуді қолдайды. Әкімдіктердің өкілеттіктері кеңейіп, олардың функциялары қайта жанданады: базалық инфрақұрылымға, әлеуметтік салаға және абаттандыруға қатысты шешімдер өңірлер деңгейінде қабылдануы тиіс. Аумақтардың қаржылық дербестігін нығайту – салық түсімдерінің бір бөлігін жергілікті бюджеттерге бекіту және бюджетаралық трансферттердің болжамдылығын арттыру.

Цифрлық бақылау құралдарын және халық алдында тұрақты есеп беруді қоса алғанда, бюджеттер мен басқарушылық шешімдердің міндетті жариялылығын енгізу.

Азаматтық институттарды дамыту – ашық тыңдаулар, жергілікті бастамалар және билік органдарының міндетті түрде әрекет етуін көздейтін кері байланысқа арналған цифрлық тұғырнамалар.

Реформаның мақсаты – жоғарыға ғана есеп беретін үлгіден азаматтардың мүдделеріне бағытталған, есеп беретін әрі тиімді жергілікті басқару үлгісіне көш түзеу.

7. ТӘУЕЛСІЗ СОТТАР

ЖСДП сот тәуелсіздігін құқықтық мемлекеттің, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және елдің орнықты дамуының басты шарты деп санайды. Қоғамның сеніміне ие, заң үстемдігін тиімді қамтамасыз ете алатын сот билігі толыққанды, дербес әрі беделді билік тармағы болуы тиіс. Процестегі тараптардың теңдігі – әділ сот төрелігінің негізгі қағидаты. Адвокатура институтын одан әрі нығайту, тараптардың шынайы бәсекелестігін және процеске қатысушылардың іс жүргізу мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету қажет. Судьялар корпусының кәсіби деңгейін арттыруға, судьяларды іріктеу мен даярлау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ сот әдебі мен жауапкершілігінің бірыңғай стандарттарын нығайтуға ерекше назар аударылуы тиіс. Сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеу қағидаты орнығуы қажет, өйткені соттың адалдығы болмаған жағдайда, әділ сотқа деген сенімнің болуы мүмкін емес. Сот жүйесіндегі кез келген сыбайлас жемқорлық көрінісі мемлекетке және сот төрелігіне деген сенімге тікелей нұқсан келтіру ретінде қаралуы тиіс. Сот жүйесі азаматтар үшін ашық, түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Оның тиімділігінің басты көрсеткіші қоғамның сенімі, азаматтық істердің әділ қаралатынына және заңның мүлтіксіз сақталатынына деген нық сенімі болуы тиіс.

II. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

8. ЖЕР ҚОЙНАУЫНДАҒЫ БАЙЛЫҚ – БАРШАНЫҢ ИГІЛІГІНЕ

Шикізат секторының ренталық кірістері анық әрі теңгерімді жүйе арқылы таратылуы тиіс: олардың елеулі бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым және өңірлік дамуды қамтамасыз ететін жалпыұлттық даму қорлары мен әлеуметтік инвестицияларға бағытталуы қажет. Қаражатты тікелей тарату саясаттың мақсаты емес. Басты мақсат - адам капиталына және орнықты экономикаға инвестиция арқылы өмір сүру сапасын ұзақ мерзімге арттыру.

Жоғары кірістер мен ірі байлыққа анағұрлым әділетті салық салуды қоса алғанда, қосымша фискалдық тетіктер тым артық мүлік теңсіздігін қысқартуға және барлық азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы тиіс. Бұл қарапайым принцип ұлттық ресурс байлықтың шоғырлануына емес, елдің дамуына және барлық азаматтардың тең құқықты мүмкіндіктеріне қызмет етуі керек.

9. ЭКОНОМИКА АЗАМАТТАР ҮШІН

ЖСДП Қазақстанда тиімді, жоғары технологиялық, әлеуметке бағытталған нарықтық экономиканы құру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Мұндай экономика әрбір қазақстандықтың игілігіне анық әрі түсінікті жұмыс істейді.

Атап айтқанда:

- экономикалық өсім мен азаматтардың табысының, өмір сүру сапасының артуы арасындағы нақты байланыс;

- мемлекеттің әлеуметтік функцияларын қамтамасыз ету жолында экономикалық қызмет қатысушыларының кірістерін әділ тарату;

- бүкіл қоғамның мүддесі тұрғысынан экономиканы мемлекет тарапынан ақылды реттеу және экономиканың мемлекеттік секторының жоғары бәсекеге қабілетті болуы;

- заңсыз жекешелендірілген экономикалық активтерді мемлекетке біртіндеп қайтару және стратегиялық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне өткізудің ақылды саясаты;

- барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің толық анықтығы;

- монополиялар мен олигополияларға тыйым салу.

ЖСДП Қазақстанның білімге, технологияларға және жоғары өнімді экономикаға негізделген постиндустриялық қоғамға жедел көшуін қолдайды. Өнеркәсіпті цифрландыру, өндірістерді роботтандыру, кәсіпорындарды жаңғырту және қосымша құны жоғары салаларды дамыту негізгі басымдықтарға айналады. Мемлекет белсенді өнеркәсіптік саясат жүргізуі тиіс және инвестициялар мен озық шетелдік технологияларды тартқан кезде, олар кемінде 50% жергілікті өңірге бейімделіп, Қазақстан мамандарының құзыреттілігіне беруді қамтамасыз етуі тиіс. Отандық өндірушіге адал бәсекелестік, тиімді ынталандыру шаралары және ішкі өндірісті басымдықпен дамыту арқылы қолдау көрсетілуі қажет.

Мақсат – Қазақстанның орнықты экономикалық өсімін және экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ете алатын қазіргі заманғы, технологиялық әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру.

10. АДАЛ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАЙМЫЗ

ЖСДП қарапайым жұмыскерлердің құқықтарын кепілді түрде қорғауды, оларға лайықты еңбекақы беруді, еңбек қауіпсіздігін және адам қадір-қасиетін құрметтеуді қолдайды. Бұл үшін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) негізгі конвенцияларын ратификациялап, жұмыскерлердің нақты кепілдіктерін күшейту үшін Еңбек кодексін жаңарту қажет.

Жұмыс беруші: еңбекақыны әділ әрі уақтылы төлеуді, халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздік жағдайын қамтамасыз етуді, өндірістік жарақат алған жағдайда толық өтемақы төлеуді міндетті түрде қамтамасыз етуге тиіс. Еңбек қатынастарындағы кез келген кемсітушілікке жол берілмей, оның жолы заңмен кесілуі тиіс. Кәсіподақтар еңбек құқықтарын қорғаудың ықпалды әрі тәуелсіз институтына айналып, еңбек жағдайларына нақты әсер ете алатын және заң шегінде ұжымдық ықпал ету тетіктеріне ие болуы қажет. ЖСДП 4 күндік жұмыс аптасына кезең-кезеңімен еңбекақыны төмендетпей көшуді қолдай отырып, оны халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және экономиканың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санайды.

Мақсат – жұмыскердің үні естілетін және оның құқықтары сенімді қорғалатын әділ әрі қауіпсіз еңбек жүйесін қалыптастыру.

11. АУЫЛ АУҚАТТЫ БОЛСА – ЕЛ ЕҢСЕЛІ

Жер – Қазақстанның басты ұлттық байлығы, ал ауылды дамыту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.

Пайдаланылмайтын, заңсыз иеліктен шығарылған және ережелер бұзылып пайдаланылатын жер телімдерін, сондай-ақ жерлердің латифундистердің қолында шамадан тыс шоғырлануы фактілерін анықтау мақсатында ЖСДП ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге және шартты жер үлестері (ШЖҮ) құрамындағы жерлерге толық ревизия жүргізуді қолдайды. Жер үлесі иелерінің заңды құқықтары толық қалпына келтіріліп, жерлер қайтадан шаруашылық айналымына қайтарылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттің меншігінде болуы және Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ұзақ мерзімді пайдалануға берілуі қажет. Ауыл шаруашылығын жаңғырту, қазіргі заманғы технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, қайта өңдеу саласы мен логистиканы дамыту, жер құнарлылығын қалпына келтіру, ирригацияны жаңғырту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аграрлық саясаттың басым бағыттары болады. Ауылдық инфрақұрылымды, тұрғын үйді, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, сондай-ақ ауылда лайықты өмір сүру жағдайын жасауға ерекше назар аударылатын болады. Мақсат – қуатты ауыл шаруашылығы мен құқығы қорғалған ауыл еңбеккерлері және қазіргі заманғы гүлденген қазақ ауылы.

III ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР

12. САПАЛЫ МЕДИЦИНА – НЕГІЗГІ ҚАЖЕТТІЛІК

ЖСДП сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді азаматтардың негізгі әлеуметтік құқығы әрі мемлекеттің орнықты дамуының басты элементі екенін басшылыққа алады. Мықты денсаулық сақтау жүйесі тек емдеуді ғана емес, аурулардың алдын алуды, өлім-жітімді азайтуды, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс.

Қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға, атап айтқанда ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызы деңгейіне сүйене отырып, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат саланы қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыруға тиіс. Бұл ретте қаржыландыру көлемімен қатар, оның тиімді таратылуы, анықтығы және жүйенің нақты қажеттіліктеріне бағдарлануы да маңызды. Бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту басты басымдық болуы тиіс. Дәл осы деңгейде ауруларды ерте анықтау, олардың алдын алу және пациенттерді тұрақты қолдау қалыптасуы қажет. Сонымен қатар, негізгі дәрілік препараттар мен профилактикалық бағдарламаларды қоса алғанда, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің тізімін кеңейту керек. Дәрілік заттармен тұрақты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Жүйені қалыптастырған кезде, әлеуметтік маңызы бар дәрілік препараттардың тапшылығын болдырмау мақсатында жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыру қажет. Қаражатты қалыптастыру мен бөлудің анықтығын арттыру, сондай-ақ азаматтардың сенімін арттыру тұрғысынан МӘМС жүйесі одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Денсаулық сақтауды қаржыландыру үлгісі қоғам үшін түсінікті әрі пациентке бағдарланған болуы маңызды.

Медицина қызметкерлерінің мәртебесін нығайту – маңызды басымдықтардың бірі. Ол еңбекақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуді, әсіресе ауылдық жерлерде және кадр тапшылығы байқалатын өңірлерде жұмыс істейтін мамандар үшін қолдауды қамтиды.

Медицина персоналын қолдау бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығының қажетті шарты ретінде қаралады.

Жалпы алғанда, денсаулық сақтау саласындағы саясаттың мақсаты – қоғамдық игілік және әрбір азаматтың кепілдендірілген құқығы ретінде медицинаға қатысты қазіргі заманғы, қолжетімді әрі орнықты жүйені қалыптастыру.

13. ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ОЗЫҚ ҒЫЛЫМ

Әлемнің цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басуы, жаңа жаһандық қатерлер Қазақстанның зияткерлік және білім беру саласындағы бәсекеге қабілеттілігі мәселесін күн тәртібіне қояды. Осындай жағдайда мемлекеттік тегін, жоғары сапалы, қазіргі заманғы білім берудің тұтас жүйесін қалыптастыру және оның еліміздің барлық өңірінде тең қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазақстан үшін әлемнің көптеген елдері сияқты мемлекеттік жоғары білім беруді толық тегін ететін уақыт келді. Ақпараттық-цифрлық қоғам жағдайында білімге негізделген экономикаға жедел көшуді қамтамасыз етіп, білім беру, ғылым мен өндіріс салаларын бірыңғай инновациялық даму жүйесіне біріктіру қажет.

Бұл үдерістің бастапқы буынына да ерекше көңіл бөлінуі тиіс: мектеп мұғалімдерінің еңбекақысын бірнеше есе арттыру, олардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту және ауылдық жерлердегі педагогтерге берілетін үстемақыларды көбейту қажет.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еліміздің әрбір өңірінде қандай мамандарға сұраныс бар екендігін нақты талдау негізінде дамытылуы тиіс. Тәуелсіз сараптамасы бар гранттық жүйені, ұзақ мерзімді ғылыми-зерттеу бағдарламаларын және пәнаралық жобаларды қолдауды қоса алғанда, ғылымды қаржыландырудың қазіргі заманғы тетіктерін дамыту қажет.

Қолданбалы зерттеулер мен технологиялық әріптестік арқылы ғылымды, білім беруді және экономиканың нақты секторын ықпалдастыру ерекше маңызға ие. Ғалымдарды елде ұстап қалуға және тартуға жағдай жасау, академиялық ұтқырлықты дамыту, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Нәтижесінде Қазақстанның жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, өз технологияларын жасауға, білім экономикасын күшейтуге қабілетті қазіргі заманғы ғылыми жүйе қалыптасуы тиіс. Отандық ғылымды қаржыландыру көлемін ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызына дейін арттыру қажет.

14. ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ

ЖСДП әрбір азаматтың білім алуға, еңбек етуге, инфрақұрылымға және мемлекеттік қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін инклюзивті қоғам қалыптастыруды қолдайды.

Басты қағида – ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды жалпы қолдаудан олардың экономикалық және қоғамдық өмірге нақты қатысуын қамтамасыз етуге көшу.

Инклюзия саясатының басымдықтары:

- қалалық және ауылдық инфрақұрылым мен көлік үшін кедергісіз ортаны міндетті стандарт ретінде қалыптастыру;

- инклюзивті білім беру және жеке білім беру бағдарламаларын дамыту;

- мемлекеттік тапсырыстар, жеңілдіктер және жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамыту арқылы мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру;

- барлық мемлекеттік қызметтердің цифрлық қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Мақсат – инклюзия жекелеген бағдарлама емес, мемлекетті дамытудың негізгі қағидатына айналған тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру.

Зейнетақы жүйесін реформалау:

- БЖЗҚ реформалау және ынтымақты мемлекеттік зейнетақы жүйесіне көшу;

- ерлер мен әйелдер үшін зейнеткерлік жасты төмендету;

- зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ЖСДП әзірлеген «Қазақстандық өмір сапасы стандартымен» байланыстыру;

- зейнетақыны өмір сүрудің нақты құны мен инфляция деңгейіне сәйкес кепілді индекстеу;

- әрбір зейнеткер үшін лайықты өмір сүрудің базалық деңгейін қамтамасыз етуді мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекіту.

15. ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА ЖӘНЕ ҚОЛАЙЛЫ ӨМІР СҮРУ ОРТАСЫ

Тұрғын үй алыпсатарлықтың нысаны емес, азаматтардың негізгі әлеуметтік құқығы болуы тиіс.

ЖСДП тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға, меншік иелерінің құқықтарын қорғауға және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған әділ тұрғын үй саясатын қолдайды.

Басым бағыттар:

- сатып алу құқығымен берілетін қолжетімді жалдамалы тұрғын үйді дамыту;

- құрылыс нарығындағы бәсекелестік пен ашықтықты дамыту арқылы тұрғын үй құнын төмендету;

- құрылыс салушылардың қызметіне бақылауды күшейту және үлескерлердің құқықтарын қорғау;

- жас отбасылар үшін алғашқы баспанасын алуға қолдау көрсету;

- тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту;

- мүлік иелері бірлестігінің өкілеттіктерін кеңейту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың анықтығын арттыру;

- қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды, қоғамдық көлік құралдарын қолжетімді етіп, ыңғайлы қалалық ортаны қалыптастыру;

- кедергісіз әрі экологиялық тұрғыдан орнықты қалалық орта қағидаттарын енгізу.

Мақсат – әрбір отбасының қауіпсіз, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйде өмір сүруге мүмкіндігі бар Қазақстанды қалыптастыру.

16. ЫМЫРАСЫЗ ЭКОЛОГИЯ

Экологиялық саясат тұжырымдамалық тұрғыдан қайта бағалануы тиіс және мемлекеттің айрықша жауапкершілігі мен бақылауындағы стратегиялық функция ретінде қарауды қажет етеді.

Негізгі экологиялық өкілеттіктерді жеке секторға беруге жол берілмейді. Өйткені ұзақ мерзімді коммерциялық мүдде қоршаған ортаны қорғау міндеттеріне қарсы. Мемлекет экономиканың барлық субъектілері үшін бірыңғай міндетті экологиялық стандарттарды белгілеуге міндетті. Табиғатты, экологиялық қауіпсіздікті қорғау және азаматтардың денсаулығынан пайданы жоғары қоймауды қамтамасыз етеді. Табиғи экожүйелері осал, шөлейтті жерлері мол, суы тапшы және экологиялық апат аймақтары бар Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс.

Табиғи ресурстар – халықтың ортақ игілігі. Оларды пайдалану әділдік, жауапкершілік және қауіпсіздік қағидаттарына негізделуі тиіс. Осы қағидатқа сүйене отырып, кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртқаннан гөрі айыппұл төлеу тиімді болған үлгіден нақты экологиялық жауапкершілік жүйесіне көшу қажет. Айыппұлдар «құқық бұзушылықтың құны» болмауы тиіс. Қызметті шектеу немесе оны тоқтатуға дейінгі шаралар қолданылып, нормалар жүйелі түрде сақталмаса, ол экономикалық тұрғыдан ұтымды болмайды. Экологиялық реттеу таза технологияларға инвестиция тартуды, өндірісті жаңғыртуды және зиянды шығарындыларды азайтуды ынталандыруы тиіс. Негізгі қағида – экологиялық стандарттарды сақтау оларды бұзудан тиімдірек болуы тиіс.

Саясаттың негізінде азаматтардың денсаулығын қорғау және экономикалық даму, қоршаған ортаны сақтаудың ұзақ мерзімді теңгерімін қамтамасыз ету жатыр.

ЖСДП төмендегілерді қамтамасыз етеді:

• негізгі әлеуметтік құқығы ретінде әрбір азаматтың таза ауыз суға қол жеткізуі;

• Экологиялық кодекс талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығы стратегиясын нақты орындау;

• өнеркәсіпке қазіргі заманғы экологиялық және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу;

• трансшекаралық өзендерді қорғауды қоса алғанда, су ресурстарын басқарудың бассейндік ұстанымын дамыту;

• жасыл желектердің аумағын ұлғайту, ұлттық парктер мен қорықтар желісінің алаңын кеңейту;

• Қазақстан аумағына ядролық және өзге де қауіпті қалдықтарды әкелуге, көмуге қатаң тыйым салу;

• «экологияны ластаушы өзі төлейді» қағидасын нақты іске асыру, кәсіпорындарға өтемдік экологиялық қорлар құру міндетін жүктеу және экологиялық сақтандыру жүйесін дамыту;

• Аралды құтқару, Каспийді және өзге де осал экожүйелерді қорғау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты жандандыру;

білім беру және азаматтарды шешім қабылдауға тарту арқылы қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Біз платформалардың «цифрлық ашықтық» тетіктерін енгізуді, азаматтардың өздерінің жеке деректерін пайдалануға бақылауын кеңейтуді және «цифрлық келісім» қағидатын бекітуді ұсынамыз. Бұл қағидаға сәйкес, пайдаланушының деректерімен жасалатын кез келген маңызды әрекеттер тек оның анық әрі саналы түрде берген келісімі арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс.

IV. ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ

17. ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕГІ ҚҰҚЫҚТАР МЕН ҚАУІПСІЗДІК

ЖСДП цифрлық дәуірдегі құқықтық мемлекеттің ажырамас негізі ретінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғаудың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруды қуаттайды. Цифрлық құқықтар дәстүрлі адам құқықтарымен тең дәрежеде танылып, мемлекет тарапынан жүйелі негізде кепілдендірілуі тиіс.

Цифрлық қызметтерге қолжетімділікті ғана емес, сонымен қатар цифрлық платформалардың қызметін, деректер айналымын және осы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті реттейтін, белсенді әрі үнемі жаңартылатын құқықтық құрал ретіндегі Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін одан әрі дамыту қажет.

Біз платформалардың цифрлық ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді енгізуді, азаматтардың жеке деректеріне бақылауын күшейтуді және пайдаланушы деректеріне қатысты кез келген маңызды әрекет тек оның нақты әрі саналы келісімімен жүзеге асырылатын «цифрлық келісім» қағидатын орнықтыруды ұсынамыз. Цифрлық платформаларға және қызметтерге қатысты туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу рәсімдерін қоса алғанда, цифрлық омбудсмен институтын және азаматтардың цифрлық құқықтарын жедел қорғау тетіктерін дамытуға жеке назар аударылуы қажет. Нәтижесінде технологиялық даму азаматтардың құқықтарын қорғаумен ұштасатын, ал цифрлық экономиканың сенім, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделіп дамуына мүмкіндік беретін қазіргі заманғы цифрлық құқықтық орта қалыптасуы тиіс. Басты басымдықтардың бірі кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күрес қалыптасады. Ол үшін тергеу тетіктері күшейтіліп, цифрлық қатерлерді ертерек анықтау жүйелері жетілдіріледі және азаматтардың дербес деректерін қорғау сенімді қамтамасыз етіледі. Ерекше назар цифрлық кеңістіктегі құқықтық тәжірибені қалыптастыруға аударылады. Бұл алгоритмдерді, цифрлық платформаларды және деректерді пайдалануды құқықтық реттеуді қамтиды. Сонымен қатар қоғамның цифрлық мәдениетін дамытуға, цифрлық әдепті, цифрлық тазалықты қалыптастыруға және халықтың медиа сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі.

Мақсатымыз – азаматтардың құқықтары толық сақталатын, қауіпсіз әрі әділетті цифрлық орта қалыптастыру.

18. ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ҚОҒАМ ИГІЛІГІ ҮШІН

ЖСДП жасанды интеллектіні XXI ғасырдың шешуші технологиясы деп есептейді және оны экономика мен қоғамдық өмірге кезең-кезеңімен, тиімді құқықтық реттеу негізінде әрі әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын сақтай отырып енгізбек.

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, әлемдегі еңбек міндеттерінің үштен бір бөлігі жасанды интеллект арқылы автоматтандырылатын болады. Осы арқылы жаңа кәсіптер мен жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Мемлекеттің міндеті – прогресті тежеу емес, оның әлеуметтік салдарын тиімді басқару.

Қазақстанда жасанды интеллект, ең алдымен еңбек өнімділігін арттыруға, күнделікті қайталанатын жұмыстарды азайтуға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Ол адамды алмастыру үшін емес, оның мүмкіндіктерін кеңейту үшін қолданылуы қажет.

ЖСДП саясатының негізгі қағидаттары:

Адам – технологияның өзегі. Жасанды интеллект азаматтың мүмкіндігін кеңейтеді, бірақ оны алмастырмайды.

Жұмыспен қамтуды қорғау. Автоматтандыру қайта даярлау бағдарламаларымен және жаңа мамандықтарға бейімделу мүмкіндіктерімен қатар жүруі тиіс.

Негіздемелі салалардағы мемлекеттік жасанды интеллект. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінде ЖИ-ді пайдалану қызметтердің қолжетімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Алгоритмдерді реттеу. Несие беру, әлеуметтік төлемдер және азаматтардың құқықтарына әсер ететін өзге де маңызды шешімдер қабылдау кезінде қолданылатын алгоритмдер ашық әрі түсінікті болуы тиіс.

Цифрлық теңдік. Өңірлер мен әлеуметтік топтар арасында цифрлық алшақтықтың қалыптасуына жол берілмеуі қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең табысты мемлекеттер жасанды интеллектіні енгізуді тиімді құқықтық реттеумен және азаматтарға берілетін әлеуметтік кепілдіктерді күшейтумен қатар жүзеге асырады.

ЖСДП-ның мақсаты – жасанды интеллектіні тұрақты дамудың қуатты құралына айналдыру. Технологиялық прогресс әрдайым адамның құқықтарын, еңбегін және қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті қорғаумен қатар жүруге тиіс.

19. МӘДЕНИ ЖАҢҒЫРУ ДӘУІРІ

Мәдениеттің қоғамдағы шынайы миссиясын қайта жаңғыртатын уақыт келді!

Жоғары адамгершілік және рухани құндылықтар әрбір қазақстандықтың өмірлік бағдарына айналуға тиіс. Ал мәдениет ұлттық жаңғырудың идеяларын қалыптастыратын және қоғамды біріктіретін қуатты күш болуы тиіс.

Біздің басымдықтарымыз:

Ұлттық құндылықтар мен қоғамның рухани іргетасын қорғау. Отанға деген сүйіспеншілікті, тарихи жадыны және ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін шығармаларды ынталандыру.

Берік отбасы – қуатты ұлт. Одақ ретіндегі ер мен әйелдің некесіне негізделген отбасы институтын нығайту.

Дарынды жандарды қолдау. Әрбір дарын үшін гранттар мен әлеуметтік бағдарламалар бөлу қажет.

Қазіргі заманғы мәдени кеңістікті дамыту. Инфрақұрылымды дамыту, мамандарды даярлау сапасын арттыру.

Меценаттық пен демеушілікті дамыту. Шынайы мәдени бастамаларға қолдау көрсету үшін жеке сектордың ресурстарын тарту.

Бұлар Қазақстанның болашағына бағытталған ең басты инвестициялар. Ол ұлттық сананы нығайтуға, мәдени мұраны сақтап, байыта түсетін әрбір азаматтың еңбегін лайықты бағалауға қызмет етеді.

20. ЖАҺАНДЫҚ ТЕҢДІК – ЖАҢА ӘЛЕМДІК ТӘРТІПТІҢ НЕГІЗІ

ЖСДП халықаралық құқықты, мемлекеттердің егемендігін және әлемдік жүйе қатысушыларының тең құқылығын құрметтеуге негізделген Қазақстанның бейбіт, ашық әрі көпвекторлы сыртқы саясатын қолдайды.

Біз мемлекеттер қысым мен тәуелділік арқылы емес, өзара ынтымақтастық, өзара ұтымдылық және серіктестік негізінде іс-қимыл жасайтын әділетті әлемдік тәртіптің дамуын қолдаймыз.

Қазақстан текетірестерді емес, үндесуді, тұрақтылықты және жаһандық шиеленісті төмендетуді қолдайтын орта державаның рөлін нығайтуы тиіс.

ЖСДП нәсіліне, ұлтына, дініне, жынысына немесе жасына қарамастан әрбір адамның қадір-қасиетін қорғауға, әлеуметтік әділеттілікке, теңдік пен халықаралық ынтымаққа негізделген әлеуеметтік-демократиялық құндылықтарды дәйекті түрде қолдайды.

Біз Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен әлемдік прогрессивті бастамаларға, атап айтқанда жауапты саясатқа негізделген әлемдік қоғамдастықтың бөлігі саналатын әлеуметтік-демократиялық және гуманистік қозғалыстарға белсенді қатысуын қолдаймыз.

Мақсатымыз – ынтымақтастық текетірестен биік тұрады, ал мемлекеттердің дамуы теңдікке, өзара құрметке және ортақ жауапкершілікке негізделеді. Социалистік Интернационалдың беделді мүшесі ретінде ЖСДП осы халықаралық ұйыммен өзара іс-қимыл жасаудағы барлық әлеуетін Қазақстанның сыртқы саяси міндеттерін шешуге бағыттайды.

Осылайша Еркіндік, Әділеттілік және Ынтымақ сынды ортақ құндылықтарды ілгерілету жолында Қазақстан үшін социал-демократиялық және социалистік партиялардың өкілдері басқаратын мемлекеттер тарапынан ынтымақтастық пен қолдаудың қосымша перспективалары ашылады.

ЖСДП сайлаушыларға «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасын ұсынады. Бұл социал-демократиялық қағидаттарға, халықаралық тәжірибеге және уақыт сынынан өткен практикалық шешімдерге негізделген кешенді даму жоспары.

Бағдарлама елді дамытудың жүйелі жоспары ретінде айқындалып отыр.

Бағдарлама азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, әділеттілікті нығайтуға және Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған. Қоғам мен мемлекет азаматтардың белсенді қатысуы, еңбегі, білімі мен азаматтық ұстанымы негізінде бірлесіп әрекет етуі тиіс.

ЖСДП жоғарыда аталған кешенді реформалар мемлекеттің ел алдындағы жауапкершілігін арттырып, еліміздің тұрақты өркендеуіне, әр азамат үшін әділ болашаққа қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп сенеді.

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯҒА ДАУЫС БЕР!

ЕРКІНДІК! ӘДІЛЕТТІЛІК! ЫНТЫМАҚ!

Кандидаттар

Партиялық тізім · 33
  1. 01Абенова Анаргул Жаксагалиевна
  2. 02Аленова Аружан Дарменовна
  3. 03Алшынбай Ару Мұратқызы
  4. 04Андрюшин Максим Валерьевич
  5. 05Ақылбай Арман Серiкұлы
  6. 06Аубакиров Нурлан Какимович
  7. 07Аубакирова Раушан Абдрахманқызы
  8. 08Ауесбаев Нурлан Сатыбалдыұлы
  9. 09Әбдиев Еркiн Қайырбекұлы
  10. 10Баекенов Камбар Абдысатарович
  11. 11Бугабаев Сапарбай Дуйсенович
  12. 12Дауренбеков Ержан Каханович
  13. 13Джаканов Дамир Сатпаевич
  14. 14Джусупова Роза Кенженовна
  15. 15Жабаев Нурлан Койшыбаевич
  16. 16Жанғали Iлияс Әбiлқазыұлы
  17. 17Калгин Виктор Евгеньвич
  18. 18Камалова Нурайнаш Балтабаевна
  19. 19Кульмагамбетов Аслан Мухтарович
  20. 20Кусаинова Анар Бахытовна
  21. 21Ли Лариса Юрьевна
  22. 22Мукаманов Жусулан Мирзахметович
  23. 23Мынбаев Сакен Саламатович
  24. 24Насибулов Мақсұт Бейбитұлы
  25. 25Нурия Балтабайқызы
  26. 26Нұржау Қуандық Оңдасынұлы
  27. 27Нурлыбеков Нурым Комекович
  28. 28Рахимжанов Асхат Нурмагамбетович
  29. 29Сагандыкова Ажар Бахитовна
  30. 30Сайлаубай Наурыз Саятұлы
  31. 31Самбетбай Тазабек Дакенайулы
  32. 32Сарманов Рустем Сабитович
  33. 33Татиков Талгат Кайруллович