Ел байлығы – халық игілігіне!
Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы
Сайлаушыларға үндеу
Құрметті Қазақстан азаматтары!
Біздің ел жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Оның негізі – мемлекеттің бүкіл құрылымын жаңаша пайымдайтын жаңа Конституция. Басқару жүйесі жаңарып, өкілді институттардың рөлі күшейіп, ауқымды саяси жəне экономикалық реформалар жалғасуда.
Жаңа саяси жүйеге көшу барысында еліміз уақыттың ауқымды сынқатерлеріне де жауап беруі тиіс. Бізді дəстүрлі, жаңартылатын жəне атом энергетикасын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, экономикалық өсудің жаңа орталықтарын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Жаңа дəуірдегі ең үлкен тапшылық – ресурстардың немесе капиталдың жетіспеуі емес. Ең үлкен тапшылық – адамдар, олардың кəсіби біліктілігі, ортақ мақсат жолында топтаса білуі, дұрыс шешім қабылдап, жауапкершілік алуы жəне бастаған ісін соңына дейін жеткізуі.
Қазақстан Халық партиясы қоғамға адал қоғамдық келісім ұсынады: еңбек лайықты табыс əкелуі тиіс, отбасы мемлекет қорғауында болуы керек, əрбір өңірдің дамуға мүмкіндігі болуы қажет, ал мемлекет қабылдаған шешімдерінің сапасына жауап беруге міндетті.
Бұл келісім қазіргі заманғы қазақстандық социализм идеясына негізделеді.
Біздің социализм – əлеуметтік масылдықты қолдау емес. Бұл – адал еңбек қорғалатын, ал ұлттық байлық ел азаматтарының басым бөлігінің игілігіне қызмет ететін əділ қағидалар жүйесі.
Жаңа геосаяси жəне экономикалық жағдайлар батыл шешімдерді талап етеді. Қазақстанға əлеуметтік əділеттілік қағидаттарына сүйенген мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканы түбегейлі жаңғырту қажет. Біз Əділетті Қазақстан құру жолын белсенді түрде жалғастыруымыз керек. Онда əрбір азамат өзін қорғалған, қоғамға қажет əрі болашағына сенімді сезінуі тиіс.
Барлық реформалардың басты өлшемі – азаматтардың əлауқатының артуы болуы керек.
Біз үшін əлеуметтік əділеттілік қарапайым əрі нақты сұрақтардан басталады:
Адамның бір ай еңбек еткеннен кейінгі жалақысы өмір сүруге жете ме?
Отбасы тұрғын үйге, азық-түлікке жəне дəрі-дəрмекке ақы төлей ала ма? Ауылда немесе қаланың шағын ауданында мектеп, аурухана, таза ауыз су, көлік жəне қауіпсіз көше бар ма?
Ауыл жастары таныс-тамырсыз жұмысқа орналаса ала ма? Егде жастағы адам алаңсыз өмір сүре ала ма, ал мүгедектігі бар азамат күн сайын кедергілермен күреспей, білім алып, еңбек ете ала ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы
Жолдауында: «Экономикалық өсім əлеуметтік теңсіздіктің азаюымен жəне орта таптың нығаюымен қатар жүруі тиіс», – деген болатын.
Біздің бағдарлама осы мақсатқа жетуге бағытталған нақты шешімдерді ұсынады: халықтың табысын арттыру, медицина мен білім беру сапасын жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жəне инфрақұрылымды дамыту.
Адам Смит: «Егер қоғамдағы азаматтардың басым бөлігі кедей əрі бақытсыз болса, ондай қоғамды гүлденген деуге болмайды», – деп жазған. Ал Франклин Рузвельт: «Прогрестің өлшемі – ауқатты адамдардың байлығын көбейту емес, мұқтаж жандарға жеткілікті мүмкіндік бере алуда», – деп айтқан.
Бұл ойлар Қазақстан үшін де өзекті. Елдің дамуы макроэкономикалық есептерде ғана емес, халықтың басым бөлігінің күнделікті өмірінде айқын көрінуі тиіс.
Біздің бағдарламамызда адамдардың өмір сапасын нақты жақсарта алатын шаралар ұсынылған. Біз мұны қалай жүзеге асыру керектігін білеміз.
Мұнда айтылған ұсыныстардың бірқатары қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ дəл осындай нақты қадамдар азаматтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді.
Біз Парламентте не істедік?
Құрылтай сайлауына қандай бағдарламамен баратынымызды айтпас бұрын, біз сайлаушылар алдында Мəжілісте атқарған жұмысымыз туралы ашық есеп беруді жөн санаймыз.
2023 жылдан бері Қазақстан Халық партиясының Мəжілістегі фракциясы мынадай нəтижелерге қол жеткізді:
Құрылтай сайлауына қандай бағдарламамен баратынымызды айтпас бұрын, біз сайлаушылар алдында Мəжілісте атқарған жұмысымыз туралы ашық есеп беруді жөн санаймыз.
2023 жылдан бері Қазақстан Халық партиясының Мəжілістегі фракциясы мынадай нəтижелерге қол жеткізді:
7 заң жобасына бастамашылық етті, оның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, тағы үшеуі сараптамадан өтуде;
басқа партиялардың фракцияларымен бірлесіп, жалпы саны 30 заң жобасын əзірледі;
155 депутаттық сауал жолдады; l заң жобаларына 3 217 түзету енгізді; l 38 дөңгелек үстел мен 16 сарапшылық кездесу ұйымдастырды.
Алғаш рет Қазақстан Халық партиясының фракциясы парламенттік оппозиция ретінде «Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының даму мəселелері мен перспективалары» тақырыбында
Үкімет сағатын өткізді.
VIII шақырылым кезеңінде Қазақстан Халық партиясының депутаттары еліміздің барлық өңірлерін аралап, 700-ге жуық кездесу өткізді. Оларға 15 мыңнан астам азамат қатысты.
Егер бізге бұдан да зор сенім артсаңыздар, Құрылтайдағы фракциямыз күшейіп, ел азаматтары үшін бұдан да көп игі іс атқарамыз.
Біздің мақсатымыз
Саясат ең алдымен: «Біз қандай мемлекет құрғымыз келеді?» деген басты сұраққа жауап беруі тиіс. Біздің ортақ мақсатымыз – қуатты, əділетті əрі бəсекеге қабілетті Қазақстан қалыптастыру.
Қазақстан Халық партиясы елдің дамуы алты негізгі міндетке негізделуі тиіс деп санайды.
Біріншісі – қоғамдық бірлікті, этносаралық келісімді нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Екіншісі – қоғам алдындағы міндеттемелерін мүлтіксіз орындайтын, ісəрекеті болжамды жəне сенімді мемлекет қалыптастыру.
Үшіншісі – заң алдында барлығының теңдігін қамтамасыз ететін əділетті құқықтық жүйе құру.
Төртіншісі – білім беру, денсаулық сақтау, мəдениет жəне спорт арқылы адам капиталын дамыту.
Бесіншісі – азаматтардың əл-ауқатының тұрақты өсуін қамтамасыз ететін мүмкіндіктер экономикасын қалыптастыру.
Алтыншысы – білімге, технологияларға жəне жасанды интеллектке негізделген болашақтың экономикасын дамыту.
Қазақстан Халық партиясы жаңа дəуір жаңа құзыреттерді талап ететініне сенімді. Елімізге күрделі жобаларды басқара алатын, заманауи экономиканы дамытатын, озық технологияларды енгізетін жəне нақты нəтижеге қол жеткізетін мамандар қажет.
Сондықтан Қазақстан Халық партиясы кəсіпкерлерді, инженерлерді, дəрігерлерді, педагогтерді, ғалымдарды, өңірлердің өкілдерін, цифрлық экономика саласының мамандарын жəне қоғамның көшбасшыларын біріктіретін ортаға айналуда.
Біз XXI ғасырда Қазақстанның табысты болуының басты шарты – кəсібилік пен құзыреттілік екеніне кəміл сенеміз.
Біздің құндылығымыз
Кез келген саяси бағдарлама құндылықтан басталады. Мемлекеттің қабылдайтын шешімдері мен қоғамның дамуының бағытын дəл осы құндылық айқындайды.
Қазақстан Халық партиясы өз бағдарламасын бес негізгі қағидатқа негіздейді:
Əділеттілік;
Жасампаздық;
Құзыреттілік;
Бірлік;
Əлемге ашықтық.
Дəл осы қағидаттардың үйлесімі үлкен өзгерістер дəуірінде еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Əділ еңбек – лайықты жалақы
Қазақстан Халық партиясы ең төменгі жалақыны белгілеу тəсілін қайта қарауды ұсынады. Ол медианалық еңбекақымен, күнкөріс деңгейімен жəне өмір сүрудің нақты құнымен байланысты болуы тиіс.
Халықаралық еңбек ұйымы лайықты еңбекті əділ табыспен, жұмыс орнындағы қауіпсіздікпен, сондай-ақ қызметкер мен оның отбасының əлеуметтік қорғалуымен байланыстырады. Қазақстан үшін бұл еңбек саясатының нормасына айналуы қажет.
Біз ұсынамыз:
ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) нақты күнкөріс деңгейіне теңестіруді;
Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары бойынша инфляцияны ескере отырып, ЕТЖ-ны жүйелі түрде қайта қарап отыруды;
өңірлер мен салалар бойынша жұмыс істейтін кедей халықтың үлесіне жыл сайын бағалау жүргізуді;
ірі компаниялар мен квазимемлекеттік сектордағы төмен жалақы алатын жұмыс орындары бойынша жария есептілікті енгізуді;
бизнестің мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуінің басты критериі ретінде қызметкерлерді ресми түрде жұмыспен қамту, оларды толық əлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету, базалық қауіпсіздік пен лайықты еңбекақы шарттарын орындауын бекітуді;
табысы аз жұмыс істейтін отбасыларды қолдау тетіктерін енгізуді:
атаулы салықтық жеңілдіктер, субсидиялар жəне қолжетімді қайта оқыту бағдарламалары;
еңбек жəне еңбекақы төлеуге қатысты халықаралық конвенциялардың орындалуы туралы мемлекеттің тұрақты есеп беруін енгізуді;
мерзімнен тыс жұмыстар, түнгі аусымдар жəне зиянды еңбек жағдайлары үшін ақы төленуін бақылауды күшейтуді.
Еңбек адамын қорғаймыз
Қазақстан Халық партиясы еңбекті қорғау мемлекеттің күнделікті міндетіне айналуы тиіс деп санайды. Қызметкер жұмыс берушімен жеке дара тартысқа түспеуі керек. Оны заң, кəсіподақ, еңбек инспекциясы жəне сот қорғауға міндетті.
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл шешім лайықты жалақы, қауіпсіздік, оқыту жəне мансаптық өсу арқылы еңб екке деген шынайы құрметті арттыруға бағытталған.
Біз ұсынамыз:
өңірлердегі еңбек инспекцияларының рөлін күшейтуді;
«жалдамалы» еңбекке – əлеуметтік пакетті төлемеу жəне жалақыны төмендету мақсатында ұйымдастырылатын делдалдар арқылы жұмыс істеуге тыйым салуды;
ірі кəсіпорындарды өндірістік жарақат алу бойынша мəліметтерді ашық көрсетуге міндеттеуді;
жұмысыздарды қайта оқыту бағдарламаларын күшейту жəне оларға тапшы мамандықтарды енгізуді;
компанияларды жекешелендіру кезінде қызметкерлер құқықтарының сақталуын бақылауды күшейтуді – əлеуметтік кепілдіктер, өтпелі кезеңде жұмыс орнын сақтау жəне қайта оқытуды қаржыландыру бизнес үшін міндетті шартқа айналады;
көлеңкелі жұмыспен қамту жəне «конверттегі жалақымен» күресті күшейтуді;
өндірістегі жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан сақтандыруды ынталандыруды;
онлайн-платформа қызметкерлері – таксистер, курьерлер мен фрилансерлер үшін «цифрлық кəсіподақтарды» заңдастыруды;
мемлекетті уақытша статистикалық жұмыспен қамтудың орнына тұрақты жұмыс орындарын құруға қайта бағыттауды;
зейнеткерлікке шығу алдындағы жəне зейнет жасындағы адамдардың қайта даярлықтан өтіп, «екінші мансабын» бастау мүмкіндігіне ие болуы үшін «Күміс университеттер» бағдарламасын əзірлеуді;
интернет-платформалардың өз қызметкерлері үшін табыстарды заңдастыру жəне зейнетақы аударымдарын жасау жөніндегі міндеттемелерін кеңейтуді;
тəуелсіз кəсіподақтар мен ұжымдық шарттарды қолдауды.
Əйелдер Қазақстанды жақсы жаққа өзгертеді
Қазақстан Халық партиясы əйелдер үшін еңбекте, отбасында, бизнесте жəне басқару ісінде тең мүмкіндіктер саясатын ұсынады. Əйелдің экономикалық дербестігі отбасын нығайтады. Мемлекет əйелдердің жұмыс істеуіне, білім алуына, бизнес ашуына жəне шешімдер қабылдауға қатысуына кедергі келтіретін тосқауылдарды азайтуы тиіс.
Біз ұсынамыз:
тең еңбек үшін тең төлем жасауды; үйдің жəне жұмыстың жанынан қолжетімді балабақшалар ашуды;
əйелдер кəсіпкерлігін қолдауды;
əйелдерді жаңа мамандықтарға қайта оқытуды;
əйелдердің мəслихаттарға, қоғамдық кеңестерге жəне басқа да басқару органдарына қатысуын арттыру – олардың квоталарын жастар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдардан бөлек, дербес ұлғайтуды.
Қарт адам лайықты өмір сүруі тиіс
Қазақстан Халық партиясы лайықты қарттық бағдарламасын ұсынады. Егде жастағы адам аурумен, кедейлікпен, алаяқтармен жəне цифрлық кедергілермен жалғыз қалмауы керек.
Біз ұсынамыз:
кірісті арттыру мақсатында зейнетақы қорларына арналған құралдарды кеңейтуді;
зейнетақыны нақты инфляцияны ескере отырып индекстеуді;
дəрі-дəрмектердің жəне профилактикалық медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз етуді;
қарт адамдар уақыт өткізіп, күндіз күтім ала алатын күндізгі орталықтар құруды;
егде жастағы адамдарды алаяқтықтан қорғауды күшейтуді;
қарт адамдарға цифрлық қызметтерді алу кезінде көмек көрсетуді;
жұмысын жалғастырғысы келетіндерді жұмыспен қамтуды;
күрделі əрі қажытатын қағазбастылықсыз, жеңілдетілген жүйе бойынша денсаулық жағдайына байланысты зейнетке ерте шығуды енгізуді;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін зейнетақы жинақтарының арнайы бағдарламасын əзірлеуді;
əлеуметтік көмекшілердің жалақысын арттыруды;
белсенді ұзақ өмір сүру клубтарының санын көбейтуді.
Біз əртүрліміз, бірақ теңбіз
Қазақстан Халық партиясы қолжетімді орта, білім беру жəне жұмыспен қамту арқылы инклюзияны дамытуды ұсынады. Мүгедектігі бар адам кездейсоқ көмекке тəуелді болмай, оқуға, жұмыс істеуге жəне қоғам өміріне араласуға мүмкіндік алуы тиіс.
Біз ұсынамыз:
ана мен баланы мүгедектікке əкеп соқтыратын ауыр ауруларды ерте диагностикалау мен анықтауға бағытталған міндетті скрининг енгізуді жəне кейіннен тегін оңалтуды қамтамасыз етуді;
өмірдің алғашқы айларында даму ерекшеліктерін анықтау, балаға дефектологиялық көмек көрсету жəне ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету үшін əрбір аудан орталығында мемлекеттік ерте араласу орталықтарының желісін құруды;
Үкімет қабылдаған мемлекеттік стандарт аясында өмірдің əртүрлі салаларында (білім беру, спорт жəне т.б.) кəсіби тьюторлар институтын қалыптастыруды.
мемлекеттік бюджет есебінен жалпы білім беретін мектептердегі əрбір ерекше баланы білікті ілесіп жүрушімен (тьютормен) қамтамасыз етуді;
инклюзияны қолдау кабинеттерін (ИҚК) құруды жəне оларды мемлекеттік қаржыландырумен қамтамасыз етуді;
ерекше қажеттіліктері бар баланың ата-анасына немесе қамқоршысына əлеуметтік қызметкер жəне/немесе жеке көмекші мəртебесін беруді, оларға толыққанды жалақы төлеуді, əлеуметтік аударымдарды (БЖЗҚ, МƏМС жəне т.б.) жүргізуді, сондай-ақ бұл қызметті еңбек өтіліне есептеуді;
мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен қамқоршыларын қолдауға, олардың эмоционалдық жəне физикалық тұрғыдан қажып кетуінің алдын алуға бағытталған психологиялық көмек көрсету жəне санаторийліккурорттық емдеудің мемлекеттік бағдарламаларын əзірлеуді;
дəрі-дəрмекке, арнайы тағамға, емдеуге, оңалтуға жəне басқа да қажетті шығындарды ескере отырып, мүгедектік бойынша мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақы мен ерекше қажеттіліктері бар балаға күтім жасағаны үшін берілетін жəрдемақы мөлшерін ұлғайтуды;
ауыр, емделмейтін аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға олардың мəртебесін растау үшін жүйелі түрде əуре-сарсаңға салатын бюрократиялық қайта куəландыру рəсімдерін өткізбей-ақ, өмір бойына мерзімсіз мүгедектік мəртебесін беруді.
мектепке дейінгі, мектеп, орта жəне жоғары білім беру мекемелерін салу кезінде мүгедектігі бар білім алушылардың қажеттіліктеріне жағдайды міндетті түрде бейімдеуді (лифтілер, пандустар, тактильді жолдар, арнайы санитарлық тораптар жəне т.б.) қарастыратын қатаң ережелер мен стандарттарды енгізуді жəне осы нормалар сақталмаған жағдайда ғимараттарды пайдалануға қабылдамауды;
коммерциялық жəне мемлекеттік объектілер үшін мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімділіктің болмағаны үшін, тіпті лицензиясынан айыруға жəне/немесе объектінің жұмысын тоқтата тұруға дейінгі елеулі айыппұл санкцияларын енгізуді;
қоғамдық көлікті, оның ішінде теміржол көлігін де, мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімдеуді;
республиканың əрбір салыстырмалы түрде ірі елді мекенінде қолжетімді əрі жедел қызмет көрсететін инватакси қызметін ұйымдастыруды;
кəсіпорындардағы жұмыс орындарын квоталау жүйесін реформалауды;
мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша белгілеген квоталарды орындамайтын жұмыс берушілерге салынатын айыппұл мөлшерін бірнеше есе арттыруды;
мүгедектігі бар қызметкерлер үшін нақты, арнайы жабдықталған жəне бейімделген жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар беру жүйесін енгізуді.
мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалардың атааналарына, сондай-ақ штатында мүгедектігі бар қызметкерлерді жұмыспен қамтитын жұмыс берушілерге бизнес ашу үшін жеңілдетілген несие беру жəне/немесе гранттар ұсыну бағдарламаларын əзірлеуді;
ірі қалаларда мүгедектігі бар адамдардың жəне олардың қоғамдық бірлестіктерінің кəсіпкерлік қызметін дамыту үшін кеңсе жəне өндірістік үйжайлармен қамтамасыз етілген мамандандырылған бизнес-инкубаторлар құруды.
Денсаулық сақтау – əлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы
Халық партиясы денсаулық сақтау саласын əлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы деп есептейді. Себебі сапалы медициналық қызметсіз өзге барлық əлеуметтік бастамалар мен реформалардың маңызы мен тиімділігі төмендейді. Мықты денсаулық сақтау жүйесі – бұл тек ауруды емдеу ғана емес. Ұлт саулығы елдің өмір сүру сапасын, демографиясын жəне болашағын айқындайды. Бүгінгі таңда халық тұрғылықты жері мен табыс деңгейіне қарамастан, сапалы медицинаның нақты қолжетімді болуын күтіп отыр.
Халық партиясының ұстанымы қатаң: адам денсаулығын түзеу үшін мал-мүлкін сатпауы тиіс. Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласы науқас үшін жасырын кедергілерсіз, кадр тапшылығынсыз, қолжетімсіз дəрі-дəрмек жəне бақылаусыз шығындардан тыс жұмыс істейтін жүйе құру.
Біз ұсынамыз:
жасанды интеллектіні қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың ұлттық цифрлық жүйесін енгізуді;
тексерулердің, тағайындаулар мен емдеудің толық əрі ашық тарихы қамтылған, түзетулер мен жалған мəліметтер енгізуге жол бермейтін науқастың бірыңғай цифрлық кабинетін құруды;
Əлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ƏМСҚ) «қаржы сапаға қарай бағытталады» қағидаты бойынша жұмыс істеу тəжірибесін енгізуді;
негізгі назарды асқынған ауруларды емдеуден оларды ерте анықтауға жəне халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге аударуды;
ауылдық жерлер мен шалғай аудандар үшін мобильді
диагностикалық кешендерді іске қосуды;
МƏМС (міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру) жəне ТЕГКӨМ (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) пакеттері шеңберінде балалар, жүкті əйелдер жəне қарт адамдар үшін тегін тексерулер тізбесін кеңейтуді;
ауылдық жерлердегі дəрігерлердің жалақысын арттыруды;
медицина қызметкерлеріне міндетті түрде қызметтік тұрғын үй, көтерме жəрдемақы, мемлекеттік гранттар мен жеңілдігі бар ипотека беруді;
түлектерді міндетті түрде жұмысқа орналастыра отырып, өңірлер үшін медициналық кадрларды мақсатты түрде даярлау жүйесін құруды;
отандық фармацевтика өнеркəсібін дамыту бағдарламаларын əзірлеуді;
дəрі-дəрмек пен медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу кезінде қазақстандық өндірушілерге басымдық беруді;
өмірлік маңызы бар дəрі-дəрмектердің стратегиялық резервін құруды;
əлеуметтік маңызы бар препараттардың бағасына қатаң бақылау орнатуды;
дəрігерлерді артық қағазбастылықтан арылтуды;
дербес медициналық ескертулердің цифрлық жүйесін енгізуді;
инсульттен, жарақаттардан жəне оталардан кейінгі қалпына келтіру емін жүргізетін орталықтар желісін дамытуды;
дəрі-дəрмектің қолжетімділігіне ашық онлайн-мониторинг жүргізуді;
азаматтар үшін барлық негізгі медициналық қызметтердің онлайн режимде қолжетімді болуын қамтамасыз етуді;
ƏМСҚ шығындарының толық цифрлық ашықтығын қамтамасыз етуді;
жоғары жəне техникалық-кəсіптік білім беру мекемелеріне гранттарды өңірлер бөлінісінде, мамандық бейіндері бойынша сұранысқа сай қатаң бөлу жəне бөлінген гранттар бойынша жұмысқа орналасуды қатаң бақылауды;
халық арасында денсаулық сақтау мəселелері бойынша ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын қайта жандандыруды.
Қолжетімді білім – болашаққа салынған инвестиция
Қазақстан Халық партиясы білім беруді тең мүмкіндіктерге жеткізетін басты жол деп санайды. Мектеп тек ауылдың, шағын қаланың жəне табысы төмен отбасының баласы мегаполистегі баладан кем емес білім алғанда ғана əлеуметтік лифт ретінде жұмыс істейді.
Білім берудің міндеті – адамның əлеуетін ашу жəне оны тез өзгеріп жатқан əлемде өмір сүруге дайындау. Біз XXI ғасырда адам капиталының сапасы елдің бəсекеге қабілеттілігінің басты факторына айналатынына сенімдіміз.
Біз ұсынамыз:
ауылдық жəне шағын жинақты мектептерге көбірек ресурс бағыттауды;
білім беру бағдарламаларындағы олқылықтарды жүйелі түрде анықтап отыруды;
мектеп кабинеттерін, зертханаларын жəне цифрлық инфрақұрылымды тұрақты түрде жаңартып отыруды;
мектептер жұмысының тиімділігін бағалайтын басты көрсеткіш ретінде оқушылардың нақты білімі мен халықаралық зерттеулердің (PISA) нəтижелерін бекітуді;
жекеменшік балабақшаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен субсидиялар олардың жұмысының нақты сапасына тікелей байланысты болуы үшін Балабақшаларды тəуелсіз бағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді;
«Цифрлық ауыл мектебі» жобасын жаппай енгізуді: бұл – елдің үздік мұғалімдерінен қашықтан берілетін сабақтар, алдыңғы қатарлы білім беру платформаларына бірыңғай қолжетімділік жəне ауылдағы білім беру мекемелерін тікелей қамқорлыққа алу;
студенттердің іс-тəжірибесін қамтамасыз етуді, сондай-ақ озық оқыту əдістемелерін енгізу үшін орта мектептерді мемлекеттік педагогикалық жоғары оқу орындарының кураторлығына беруді;
жоғары сынып оқушылары үшін оқу жоспарының бір бөлігін дербес қалыптастыруды жəне болашақ мамандығына қарай дайындық бейінін таңдау құқығын енгізуді;
оқушылардың оқу жүктемесіне неғұрлым тиімді (рационалды) қарауды жəне басты назарды ақпарат көлеміне емес, білік пен дағдыларды қалыптастыруға аударуды;
əдістемелік орталықтар бақылаушы органдар емес, педагогтардың нақты көмекшісіне айналуы үшін оларды Ы. Алтынсарин атындағы академияның басқаруына беруді;
колледж студенттерінің стипендияларын жəне кəсіптік білім беруді қаржыландыру нормативтерін арттыруды;
түлектердің мамандығы бойынша кепілді түрде жұмысқа орналасуы үшін колледждерді бейінді кəсіпорындардың басқаруына беру тəжірибесін енгізуді;
еңбек нарығының нақты болжамы негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысын (гранттарды) жетілдіруді;
мемлекеттік гранттар бойынша міндетті жұмыспен өтеу мерзімін оңтайлы 2 (екі) жылға дейін қысқартуды;
өңірлік жоғары оқу орындарын қолдаудың арнайы бағдарламаларын əзірлеуді жəне енгізуді;
негізгі оқу пəндерінен үлгермей жатқан балаларға тегін репетиторлық көмек көрсету жүйесін дамытуды.
Жастар – елдің басты капиталы
Қазақстан Халық партиясы «Алғашқы мүмкіндік» бағдарламасын ұсынады. Жас азамат диплом алып қана қоймай, мамандығы бойынша еңбек жолын бастау мүмкіндігіне де ие болуы тиіс. Əрбір жас адам туған жеріне, отбасының табыс деңгейіне немесе тұрғылықты өңіріне қарамастан өз əлеуетін жүзеге асыра алуы керек. Елдің болашағы – жас ұрпаққа жасалған мүмкіндікпен айқындалады.
Біз ұсынамыз:
колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері үшін ақылы тағлымдама енгізуді;
кəсіпорындарда тəлімгерлік институтын дамытуды;
жұмысшы мамандықтарына бөлінетін грант санын арттыруды;
ауылдар мен шағын қалалардағы жас мамандарды қолдауды;
балаларға арналған демалыс орталықтарын, оқушылар сарайларын жəне технопарктер салуды;
жастар практикасын, тағлымдамаларды, дуальды білім беруді, субсидияланатын жұмыспен қамтуды, жастар кəсіпкерлігі мен стартаптарды қолдау бағдарламаларын кеңейтуді;
мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы жастарға арналған лауазымдарға ашық конкурс өткізуді.
Əралуандықтағы бірлік
Тəуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – адамдарды біріктіріп, елдер мен мəдениеттер арасында көпір орната алатын мемлекет ретіндегі беделін бекемдеуі болды.
Біз қазіргі əлемде сенім қалыптастырып, диалог жүргізе алатын мемлекеттердің маңызы арта түсетініне сенімдіміз. Қазақстан Халық партиясы бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық орнықты дамудың басты шарты деп санайды.
Əлемде қақтығыстар мен шиеленістердің деңгейі артып келеді. Осындай жағдайда Қазақстан өзара келісім мен құрметтің бірегей үлгісін сақтап, нығайтуы қажет. Бұған бір-біріміздің мəдениетіміз бен ерекшелігімізді құрметтеу арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Біз ұсынамыз:
мемлекеттік тілді жан-жақты қолдауды. Тіл жасампаздық арқылы дамуы тиіс: мемлекет қазақ тіліндегі сапалы заманауи контенттің – киноның, əдебиеттің, анимацияның, білім беру жобаларының жəне т.б. басты тапсырыс берушісі болуы керек;
Қазақстанның көпұлтты халқының басқа да тілдерін дамыту үшін лайықты жағдай жасауды;
ЮНЕСКО тізілімдеріне енгізу үшін əлеуетті қазақстандық нысандарды – ескерткіштерді, табиғи аумақтарды, материалдық емес мəдени мұраларды ілгерілетуді;
заманауи визит-орталықтары бар «Бозоқ» ұлттық паркін құруды аяқтауды;
музейлердегі мəдени мұрамызды цифрландыруды, сондай-ақ сəулет ескерткіштерін 3D-сканерлеуді;
жыл сайынғы Орталық Азия заманауи өнер көрмесін өткізуді;
қазақ халқының тарихын кеңінен насихаттауды жəне жастарды оны зерделеуге тартуды;
Ұлттық заманауи өнер қорын құруды;
кинопрокатты бақылаудың қатаң цифрлық жүйесін енгізуді;
қазақ тіліне дубляждалатын əлемдік отбасылық жəне анимациялық фильмдердің санын арттыруды;
тарих жəне мəдениет ескерткіштерін реставрациялауды (қалпына келтіруді) жеделдетуді;
тарихи-мəдени мұра нысандарын еліміздің бірыңғай туристік инфрақұрылымына қосуды.
Əділ сот жəне заң үстемдігі
Қазақстан Халық партиясы экономикалық реформалардың да, ұлттық жобалардың да, мемлекеттік бағдарламалардың да табысты болуы заң мен сот жүйесіне деген сенімге тікелей байланысты деп есептейді. Заң үстемдігі – мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы.
Азаматтар мемлекет олардың құқығын қорғайтынына сенімді болуы тиіс. Заң шенеунікке де, банкирге де, ірі бизнес иесіне де, қарапайым азаматқа да бірдей қолданылуы қажет.
Біз ұсынамыз:
сот тəжірибесінің бірізділігін дамытуды жəне сот шешімдерінің сапасын арттыруды;
сот ісін жүргізуге жасанды интеллект технологияларын енгізуді;
Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске кешенді ревизия жүргізіп, жаза жүйесін қайта қарауды;
жеке адамға, оның қауіпсіздігі мен қадір-қасиетіне қарсы құқық бұзушылық, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін əрекет үшін жауапкершілікті күшейтуді;
соттардың жүктемесі жоғары өңірлерде судьялардың санын көбейтуді;
азаматтық жəне əкімшілік дау бойынша тегін заң көмегі жүйесін кеңейтуді;
алқабилер соты институтын дамытуды;
мүлік пен тұрғын үйді алып қою кезінде соттың бақылауын күшейтуді;
мүліктік дауларда тəуелсіз нарықтық бағалауды міндетті түрде ескеруді;
азаматтарды заңсыз қарыз өндіруден жəне атқарушылық іс жүргізудегі теріс пайдаланудан қорғауды күшейтуді;
мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялардың бюджеті мен бенефициарлары туралы мəліметтерді міндетті түрде жариялауды;
сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлаған азаматтарды марапаттаудың мөлшерін ұлғайтуды;
заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша міндетті жария есептілікті енгізуді.
Азаматтардың қауіпсіздігі жəне заманауи құқық қорғау жүйесі
Қазақстан Халық партиясы қылмыспен күрес ең алдымен оның алдын алудан басталуы тиіс деп санайды. Қауіпсіздік – жарықтандырылған көше, өз жұмысын сапалы атқаратын учаскелік инспектор, мектеп психологы, отбасының қорғалуы, қайта құқық бұзуға бейім адамдарды бақылау жəне полицияның жедел əрекеті.
Қауіпсіздік – артықшылық емес, əрбір азаматтың құқығы болуы тиіс.
Қазақстан Халық партиясы полиция жұмысының басты өлшемі азаматтардың қауіпсіздік деңгейі болуы үшін нақты шара қабылдайды.
Біз ұсынамыз:
учаскелік полиция инспекторлары жұмысының сапасын арттыруды;
жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағдарламаларын дамытуды;
зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталықтарының желісін кеңейтуді;
цифрлық сауаттылықты арттыру жəне алаяқтық схемаларды жедел бұғаттау арқылы интернет-алаяқтықпен күресуді;
Ұлттық киберқауіпсіздік платформасын құруды;
негізгі мемлекеттік деректерді ел ішінде сақтауды қамтамасыз етуді;
мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігіне міндетті аудит жүргізуді жəне олардың резервтік көшірмелерін жасауды;
жеке деректер операторларының (банктердің, мемлекеттік органдардың, компаниялардың жəне басқалардың) ақпараттың таралуына қатысты жауапкершілігін күшейтуді;
еліміздің барлық қалаларын қамтитын бірыңғай интеллектуалды бейнебақылау жүйесін енгізуді;
полицияға түсетін жүктемені азайту үшін бұқаралық іс-шараларды бақылауға жеке күзет ұйымдарын тарту тəжірибесін енгізуді;
жасанды интеллект негізінде цифрлық патрульдеу мен қылмысты болжау жүйесін енгізуді;
учаскелік инспекторларға полицияның дерекқорларына қолжетімділік беруді;
еліміздегі барлық мектептерді Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарына қосып, оларды кіріп шығудың заманауи бақылау жүйелерімен жабдықтауды;
құқық бұзушылық қаупін азайту үшін аулалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажетті жерлерде жарықтандыру мен бейнебақылау орнатуды.
«Таза Қазақстан» – таза орта
Қазақстан Халық партиясы салдармен күресуден алдын алу шараларына көшуді ұсынады. Су тасқындары, өрттер, жер сілкіністері, инженерлік желілердегі апаттар мен құрғақшылық құтқару қызметтерінің əрдайым жоғары дайындықта болуын талап етеді.
Біз қоршаған ортаны қорғауды ұлттық қауіпсіздіктің басты басымдықтарының бірі ретінде қарастырамыз. Біздің міндетіміз – азаматтардың таза ауаға, таза суға жəне қауіпсіз өмір сүру ортасына деген құқығын қорғау.
Біз ұсынамыз:
əрбір аудан бойынша қауіп-қатерлер карталарын əзірлеуді;
бөгеттердің, өзен арналарының, арықтардың, көпірлердің жəне басқа да ықтимал қауіпті нысандардың тұрақты тексерулерінің тиімділігін арттыруды;
ауылдық елді мекендерде өрт қауіпсіздігі жүйелерін енгізуді;
төтенше жағдайлар туындаған кезде пайдалануға арналған өңірлердегі техника мен жанар-жағармай қорының резервіне қойылатын талаптарды өзектендіруді.
төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетуге, стратегиялық инфрақұрылым нысандарын қорғауға жəне басқа да міндеттерді орындауға арналған толыққанды аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастыруды;
электр станцияларының, су қоймаларының, магистральдық құбырлардың, көлік тораптарының жəне цифрлық байланыс желілерінің қауіпсіздігін күшейтуді;
балалар мен ересектерді ТЖ кезіндегі іс-қимылдарға жүйелі түрде оқытуды;
ауаның ластану деңгейі жоғары барлық қалалардағы ірі жылу электр орталықтарын (ЖЭО) кезең-кезеңімен табиғи газға көшіруді;
азаматтар үшін нақты уақыт режимінде ашық қолжетімді ауа сапасын онлайн бақылаудың бірыңғай жүйесін іске қосуды;
«Қазгидромет» РМК бақылау бекеттерінің желісін кеңейтуді;
су ресурстарын есепке алу, бөлу жəне тұтынуды бақылау мақсатында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын басқарудың цифрлық платформаларын енгізуді;
су шаруашылығы жүйесін цифрландыру деңгейін қазіргі 5%-дан ең жоғары мүмкін болатын көрсеткішке дейін арттыруды;
еліміздегі барлық су айдындарының, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қоғамдық аудит жүргізуді;
ірі кəсіпорындардың шығарындылары мен суды пайдалануы жөніндегі деректерді жариялай отырып, олар үшін міндетті экологиялық есептілікті енгізуді;
су ысырабын азайтуға мүмкіндік беретін суару каналдарын күрделі бетондауды енгізуді;
Балқаш көлінің экологиялық тұрғыдан тозуын (деградациясын) болдырмау үшін оған құятын су ағынының ең төменгі кепілді көлемін заңнамалық деңгейде бекітуді;
иесіз қалған, өздігінен төгілетін артезиан ұңғымаларын консервациялауды (бейтараптандыруды) жүргізіп, үнемделген ресурстарды ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жəне жайылымдарды суландыруға бағыттауды;
аграрлық сектор үшін суды тиімді пайдаланудың мемлекеттік стандартын енгізуді;
өзендер мен су айдындарын экологиялық сауықтырудың бірыңғай стандарттарын енгізуді;
шығарындылар деңгейі жоғары қалаларда ауа сапасын жақсарту жөніндегі шараларды күшейтуді.
Əрбір өңір үшін тең мүмкіндіктер
Қазақстан Халық партиясы өмір сүру сапасының өңірлік стандартын енгізуді ұсынады. Ол мектептегі білімге, білікті медициналық көмекке, абаттандырылған жолдарға, таза суға, тұрақты интернетке, сенімді көлік қатынасына, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарына, сапалы əлеуметтік қызметтерге жəне қауіпсіз өмір сүру ортасына кепілдендірілген қолжетімділікті қамтуы тиіс.
Біз əрбір өңір орталықтан көмек күтетін аумақ емес, керісінше мүмкіндіктер кеңістігіне айналуы тиіс деп санаймыз.
Артта қалған аумақтар кіріс деңгейі, қызмет көрсету сапасы жəне инфрақұрылым бойынша мақсатты жұмысты қажет етеді. Сондықтан Қазақстан Халық партиясы өңірлерді дамытуды ұлттық басымдықтардың ең маңыздыларының бірі ретінде қарастырады.
Біз ұсынамыз:
өңірдің артта қалуын тек ЖӨӨ бойынша ғана емес, сонымен қатар отбасы табыстары деңгейі бойынша да бағалауды;
əрбір аудан бойынша базалық инфрақұрылым картасын жариялауды;
кедейлік деңгейі жоғары жəне инфрақұрылымы əлсіз аудандарға инвестиция көлемін арттыруды;
салықтардың жергілікті деңгейде қалдырылатын үлесін көбейтуді;
өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, əрбір қала мен ауданның жеке даму бағдарламаларын əзірлеуді, оларды тек облыс деңгейінде ғана емес, нақты жергілікті деңгейде жоспарлауды;
бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын есептеуде елді мекеннің көлемі, өңірі жəне жағдайына байланысты өңірлік коэффициенттер жүйесін қайта енгізуді;
халқы 10 000 адамнан асатын 100-ден астам ауылды, жергілікті тұрғындардың мүддесін міндетті түрде ескере отырып жəне өңірлік коэффициенттер жүйесі енгізілгеннен кейін, қалалар санатына ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды;
интернетті азаматтардың базалық қажеттілігі ретінде қолжетімділігін қамтамасыз етуді;
шекара маңындағы аудандар мен қалалардың дамуына қолдау көрсетуді.
«Ақтаңдақсыз» инфрақұрылым
Қазақстан Халық партиясы коммуналдық инфрақұрылымның жайкүйі туралы ашық есеп жүргізуді ұсынады.
Азаматтар қандай инженерлік желілер жөнделіп жатқанын, оған қанша қаражат бөлінгенін, мердігердің кім екенін жəне жұмыстың қашан аяқталатынын білуі тиіс. Энергетика саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тозған жылу электр орталықтары мен үздіксіз коммуналдық апат жағдайында монополистердің аса жоғары пайда табатын саласына айналмауы керек. Біз инфрақұрылымды дағдарыстық жағдайдан шығаруға міндеттіміз.
Тарифтер нақты міндеттемелермен байланысты болуы тиіс. Азаматтар жабдықтардың жаңартылғанын, қызмет сапасының артқанын жəне жауапкершіліктің күшейгенін көрмей тұрып, артық төлем төлемеуі тиіс. Қазақстан Халық партиясы барлық жылу электр станцияларын, электр желілерін жəне сумен жабдықтау жүйелерін ауқымды жаңғыртуды қамтамасыз етіп, əрбір теңгенің жұмсалуына қатаң мемлекеттік бақылау орнатуға, көлеңкелі схемаларды жойып, инвестициялардың толық ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Біз ұсынамыз:
энергетика жəне коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылуына парламенттік бақылау енгізуді;
жылу, электр, су құбыры жəне кəріз желілерінің тозу деңгейінің ашық картасын жасауды;
ірі инфрақұрылымдық жобалардың сметаларын жариялауды;
тарифтік инвестициялар бойынша міндетті есептілікті енгізуді;
көмір негізіндегі экологиялық таза электр өндіруді дамытуды жəне жасыл энергетиканың үлесін кеңейтуді;
атом энергетикасын дамыту арқылы елдің энергетикалық
егемендігін нығайтуды;
энергетика нарығындағы делдалдармен күресті күшейтуді;
энергия шығыны төмен тұрғын үйлерге арналған жаңа стандарттарды енгізуді;
агломерацияларда электр көлігі жүйелерін (LRT жəне метро) дамытуды;
автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейтуді;
инфрақұрылым нысандарына берілетін кепілдік мерзімін 10 жылға дейін ұзартуды; құрылыс салушылардан алынған пəтерлерді есепке алу үшін
орталықтандырылған Мемлекеттік əлеуметтік тұрғын үй қорын құруды;
кейіннен сатып алу құқығымен қолжетімді жалдамалы тұрғын үй қорын кеңейтуді;
құрылыс салушылардың азаматтардың қаражатын заңсыз тартқаны, заң талаптарын айналып өткені, тəуекелдерді жасырғаны, заңсыз құрылыс жүргізгені жəне жобалық құжаттаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін айтарлықтай күшейтуді;
мемлекеттік мұқтаждық үшін жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде тəуелсіз бағалау негізінде тек нарықтық құн бойынша толық өтемақы төлеу қағидатын қолдануды;
жаңғырту кезінде «əр бөлмеге – бір бөлме жəне қосымша 10 шаршы метр» мемлекеттің кепілдігін енгізу, сондай-ақ толық өтемақы төленбейінше тұрғындарды көшіруге тыйым салу жəне өтемақы есептегенде қосымша құрылыстарды ескеруді;
қалаларда шағын аудандық құрылыс қағидатын енгізуді, яғни жаңа тұрғын аудандары мектептеппен балабақшамен, емханамен жəне жолмен бірге пайдалануға беруді;
аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, сапалы көгалдандыру жəне көшелерді қауіпсіз жарықтандыру бағдарламаларын кеңейтуді.
Жергілікті өзін-өзі басқару нақты мəселелерді шешуі тиіс
Қазақстан Халық партиясы шамадан тыс орталықтандыру елдің дамуын тежейді деп есептейді. Қазақстан – жер көлемі бойынша əлемдегі тоғызыншы мемлекет. Көптеген облыстарымыздың аумағы Еуропадағы ірі мемлекеттердің аумағымен шамалас. Осындай үлкен елді бір ғана орталықтан тиімді басқару мүмкін емес.
Сондықтан күшті өңірлер тиімді жергілікті өзін-өзі басқаруға, нақты өкілеттіктерге жəне қаржылық дербестігі бар жергілікті бюджеттерге сүйенуі тиіс.
Қазақстан Халық партиясы өңірлерге көбірек экономикалық еркіндік, жауапкершілік жəне өз даму басымдығын өзі айқындауға мүмкіндік беретін аумақтық дамудың жаңа моделін қолдайды.
Партия жергілікті өзін-өзі басқаруды нақты жұмыс істейтін тетік ретінде дамытуды ұсынады. Тұрғындар өз ауданы, ауылы, ауласы мен мектебінде болып жатқан өзгерістерге ықпал ете алуы тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару инфрақұрылыммен, қауіпсіздікпен, спортпен, балалардың бос уақытын ұйымдастырумен жəне егде жастағы адамдарға көмек көрсетумен айналысуы қажет. Өйткені азаматтар мемлекетпен ең алдымен жергілікті атқарушы органдар арқылы байланысады.
Біз ұсынамыз:
мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) жəне бағбандық серіктестіктерді жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буыны ретінде танып, оларға нақты өкілеттік беруді;
республикалық бюджеттің қосымша кірістерінің бір бөлігін табысы төмен, жұмыссыздық деңгейі жоғары жəне инфрақұрылымы жеткіліксіз өңірлерге бөлуді қамтамасыз ететін ашық бюджеттік формула əзірлеуді;
бастамашыл бюджеттерді кеңейтуді;
əлеуметтік қызметтердің бір бөлігін ашық конкурстар арқылы үкіметтік емес ұйымдарға беруді;
жолдарды, мектептерді, ауруханаларды жəне коммуналдық желілерді жөндеуге қоғамдық бақылауды күшейтуді;
ауылдық бастамаларды қолдауды;
төртінші деңгейдегі бюджеттердің жобаларын талқылауға тұрғындарды тартуды.
Мемлекеттік басқару түсінікті əрі тиімді болуы тиіс
Президент 2023 жылғы Жолдауында Қазақстан экономикасының өзекті мəселелері ретінде шикізатқа тəуелділікті, еңбек өнімділігінің төмендігін, инновациялардың жеткіліксіздігін жəне табыстың біркелкі бөлінбеуін атады.
Қазақстан Халық партиясы жария нəтижелілік қағидатын ұсынады. Əрбір бюджеттік бағдарламаның нақты мақсаты, мерзімі, жауапты орындаушысы жəне əрбір азамат тексере алатын нəтижелік көрсеткіші болуы тиіс. Мемлекет қоғамдық қаражатты жұмсауда ең алдымен өзіне талап қоюы керек.
Бүгінгі күннің басты мəселелерінің бірі – көптеген шешімдердің қолмен басқаруға тəуелді болуы. Ережеден тыс ерекшеліктер көбейген сайын институттар əлсірейді. Жеке тəртіппен қабылданатын шешімдер артқан сайын мемлекеттік жүйеге деген сенім азаяды.
Қазақстан бұрын кездеспеген жаңа міндеттерді шешуі тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызмет елдің ең білікті мамандары еңбек ететін салаға айналуы қажет. Қазақстан Халық партиясы меритократияны, кəсібилікті жəне құзыреттерді үздіксіз дамытуды қолдайды.
Қызметтік өсу еңбек өтіліне емес, нақты жұмыс нəтижесіне негізделуі тиіс.
Біз ұсынамыз:
мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылауды күшейтуді;
реттеушілік əсерге тұрақты бағалау жүргізуді;
маңызды заңнамалық актілер қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң олардың құқық қолдану тəжірибесін Құрылтайда талдауды;
бəсекелі салалардағы квазимемлекеттік сектордың үлесін қысқартуды;
Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құруды;
квазимемлекеттік сектордан түсетін дивидендтердің толық түсуіне қатаң бақылау орнатуды;
артық əкімшілік рəсімдерді, қағазбастылықты жəне негізсіз келісу рəсімдерін «гильотина» қағидаты бойынша түбегейлі қысқартуды;
мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі делдалдар мен олардың ашық емес схемаларын жоюды;
мемлекеттік органдар қызметінің тиімділік көрсеткіштерін міндетті түрде жариялауды;
ұлттық жобалар мен кешенді жоспарлардың орындалуына цифрлық қоғамдық бақылау жүйесін енгізуді;
əкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың тұрақты əрі сапалы жария есептілігін қамтамасыз етуді;
мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін нақты нəтижелер мен əлеуметтік сауалнамалар негізінде бағалау жүйесін енгізуді;
азаматтар мен бизнеске арналған электрондық сервистердің саны мен сапасын арттыруды;
мəслихаттардағы жария тыңдаулардың саны мен сапасын көбейтуді;
онлайн-петицияларға қажетті қол қою шегін төмендетуді;
Құрылтайдағы парламенттік тыңдаулардың санын арттыруды.
Экономика əрбір адам үшін жұмыс істеуі тиіс
Қазақстан Халық партиясы экономиканы тек ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) көрсеткішімен ғана бағаламау керек деп санайды. Қазақстандықтар үшін медиандық жалақы, үй шаруашылықтарының табысы, тұрақты жұмыспен қамтылу, баға тұрақтылығы, баспана қолжетімділігі, коммуналдық төлемдер, несиелер, мектеп пен медицинаның сапасы маңызды.
Бірақ біз экономикалық саясаттың мақсаты бар байлықты қайта бөлісу емес, миллиондаған азамат үшін жаңа мүмкіндіктер жасау екенін есте сақтауымыз керек. Халық партиясы қуатты мемлекетті қолдайды. Алайда қуатты мемлекет дегеніміз экономиканың барлық секторына араласуға тырысатын мемлекет емес. Азаматтардың табысы инфляциядан жоғары өсуі үшін нақты экономикалық өсім мен даму қажет.
Табысты мемлекеттердің тарихы қоғамның тұрақтылығы мемлекеттік бағдарламалардың санымен емес, орта таптың қуатымен анықталатынын көрсетеді. Елде табысты кəсіпкерлер, білікті мамандар, инженерлер, дəрігерлер, мұғалімдер, фермерлер мен жұмысшы мамандықтарының өкілдері неғұрлым көп болса, мемлекет те соғұрлым қуатты болады.
Біз ұсынамыз:
елдегі экономикалық қызмет формаларының əртүрлілігін көрсету үшін кооперативтік жəне акционерлік меншік түрлерін қолдауға бағытталған заңнамалық базаны əзірлеуді;
медиандық жалақыны экономикалық саясаттың басты бағдарларының біріне айналдыруды;
уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын ашатын, сондай-ақ еңбекақысы жоғары өндірістерді қолдауды;
шарттық қатынастарда адалдық жəне үстем жағдайды асыра пайдалануға жол бермеу принципін заңнамалық тұрғыдан дамытуды енгізуді;
кəсіпкерлер мен фермерлерге экспортты кеңейтуге жəне табысты арттыруға мүмкіндік беру үшін өнім экспортына салынатын тыйымдар санын азайтуды;
бизнесті қолдау шараларының тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етуді, бұл ретте субсидиялар мемлекеттік органдардағы басшылықтың ауысуына тəуелді болмауы тиіс;
техногендік минералдық түзілімдерге түгендеу жүргізуді жəне 1991 жылға дейін түзілген, мемлекетке тиесілі техногендік минералдық түзілімдерді игеру шарттарын əзірлеуді;
геологиялық мəліметтердің құпиялылығын барынша мүмкін болатын шеңберде жоюды;
тау-кен металлургия кешені өнімдерін экспорттау кезіндегі квоталардан бас тартуды;
кəсіпорындар үшін «климаттық күн тəртібін» іске асыруды жəне ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу тəсілдері мен мерзімдерін қайта қарауды;
газ өндірісін арттыру үшін газ нарығын ырықтандыруды;
ел экономикасының негізі ретінде мұнай-газ жəне тау-кен металлургия салаларын дамыту бойынша жеке ұлттық жобаларды əзірлеуді;
геобарлау жұмыстарына мемлекеттік инвестицияларды арттыруды жəне жеке инвестицияларды ынталандыруды;
жекелеген салаларды субсидиялаудан кəсіпкерлерге жалға беру үшін инфрақұрылымы бар өнеркəсіптік аймақтарды қаржыландыруға көшуді;
ауыл шаруашылығы кооперациясы үшін заңнамалық базаны кеңейтуді;
отандық кəсіпорындардың өніміне кепілді сұранысты қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттарды енгізуді іске асыруды;
несиелер бойынша кепілсіз қарыздар, автонесиелер мен ипотека бойынша шекті мөлшерлемені төмендетуді.
Технологиялық революция
Əлем ауқымы жағынан өнеркəсіптік революциямен, электр қуатының пайда болуымен жəне интернеттің таралуымен тең келетін өзгерістер дəуіріне қадам басып келеді. Жасанды интеллект жаңа өндіргіш күшке айналып жатыр.
Жаңа технологиялық дəуірдің мүмкіндіктерін пайдалана алатын мемлекеттер ондаған жыл бойы дамудың көшбасшысы болады. Халық партиясы Қазақстан солардың қатарында болуы тиіс екеніне сенімді.
Біз ұсынамыз:
«деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын кеңейтуді;
деректерді өңдеу орталықтарын (дата-центрлер) салу кезінде мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуді;
жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін мемлекеттік органдардың құжаттамалары, мұрағаттар мен бұқаралық ақпарат құралдары негізінде лингвистикалық корпусты (мəтіндер базасын) қалыптастыруды;
жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының сурет жəне бейнематериалдары негізінде кескіндер мен видеолар корпусын (датасет) қалыптастыруды;
қолда бар статистикалық деректер базасын цифрландыруды жəне машина оқи алатын күйге келтіруді;
отандық нейрожелілерді əзірлеуді.
Қазақстан əлемдік қоғамдастықта
Қазақстан Халық партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітсүйгіш, прагматикалық жəне көп бағытты сыртқы саясатты жүргізу жөніндегі стратегиялық бағытын толықтай қолдайды. Бұл саясат республиканың халықаралық беделін, сондай-ақ əлемдік қоғамдастық тарапынан біздің егемендігімізге деген тұрақтылықты, орнықтылықты жəне құрметті қамтамасыз етеді.
Біз үшін ең ірі көршілеріміз Ресей жəне Қытай, Орталық Азия елдерімен жəне негізгі экономикалық серіктестерімізбен одақтастық əрі өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту стратегиялық басымдық болмақ. Бұл елдермен көлік, энергетика, өнеркəсіп жəне инвестициялық байланыстарды нығайту ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге сай келеді.
Сонымен бірге Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен, Еуропалық Одақпен, Азия елдерімен жəне əлемнің басқа да мемлекеттерімен тең құқықты, прагматизм жəне өзара құрмет негізінде сауда-экономикалық жəне инвестициялық ынтымақтастықты белсенді дамытуы тиіс.
Біз ұсынамыз:
Транскаспий дəлізін дамытуды;
транзиттік теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуды;
шекаралық өткелдердің өткізу мүмкіндігін кеңейтуді;
транзиттік рəсімдерді цифрландыруды;
консулдық қызметтердің көпшілігі онлайн форматқа өтетін заманауи консулдық жүйені құруды;
шетелдегі азаматтарды қолдаудың бірыңғай цифрлық платформасын əзірлеуді;
шетелдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру бағдарламаларын кеңейтуді жəне мəдени орталықтар құруды;
терроризмге, есірткі тасымалына, киберқылмысқа, адам саудасына жəне қаржылық қылмыстарға қарсы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді.
Қорытынды
Біздің мақсатымыз – əрбір азаматқа лайықты жұмыс, əділ еңбекақы, қолжетімді тұрғын үй, сапалы медицина, кəсіби білім жəне болашаққа деген сенім сыйлайтын қуатты мемлекет қалыптастыру.
Біздің идеологиямыз – жауапкершілікке, əділеттілікке жəне дамуға негізделген заманауи қазақстандық социализм. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы нақты қоғамдық келісім.
Қазақстан Халық партиясы төмендегіні қолдайды:
еңбек алыпсатарлықтан жоғары бағаланатын əділетті экономиканы;
ешкім кедейлікпен, аурумен немесе жұмыссыздықпен жалғыз қалмайтын қуатты əлеуметтік саясатты;
бюрократияға емес, адамға қызмет ететін мемлекет қағидатын;
бизнеске, еңбек адамдарына жəне өңірлерге арналған əділ əрі ашық ойын ережелерін;
Қазақстанның байлығы халықтың игілігіне жəне азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталатын тұрақты дамуды.
Қазақстан Халық партиясы сенеді:
Қазақстан қуатты орта тап қалыптасқан, заманауи қалалары мен өркендеген ауылдары бар, мүмкіндіктерге жол ашылған жəне əлеуметтік əділеттілік салтанат құрған мемлекетке айналады.
Қазақстан Халық партиясы мынадай нəтижеге қол жеткізеді:
жас отбасылар баспаналы болып, балаларына лайықты тəрбие
береді;
зейнеткерлер құрметке кенеліп, бақуатты өмір сүреді;
еңбек адамы əділ жалақы алып, əлеуметтік тұрғыдан қорғалады;
өңірлер теңгерімді дамиды;
азаматтардың табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, медицина мен білім баршаға қолжетімді болады;
заң баршаға бірдей қолданылады;
елдің табиғи байлығы ұлттық дамуға қызмет етеді.
Қазақстан Халық партиясы өз саясатын ынтымаққа, өзара құрметке жəне ортақ жауапкершілікке негіздеуді мақсат тұтады.
Біздің мақсатымыз – жаңа қоғамдық келісім: қуатты экономика, қуатты қоғам жəне қуатты əлеуметтік мемлекет.
Партия сайлауға билікті мақсат тұтып емес, халықтың болашаққа деген сенімін нығайту үшін қатысады.
Əрбір адам:
менің еңбегім құрметтеледі;
менің отбасым қорғалған;
балаларымның өз əлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар,- деп ашық айта алуы үшін қатысады.
Қазақстан – адамның болашағын оның еңбегі, білімі жəне жасампаздыққа ұмтылысы айқындайтын мемлекет болуы тиіс.
Қазақстан Халық партиясы Əділетті, Заманауи жəне Қуатты Қазақстанға сенеді! Қазақстан Халық партиясы оны халықпен бірге құруға дайын!

