Сайлау туралы
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалды. Сайлауды дайындау мен өткізуді Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырады; Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қажетті ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық жағдайларды қамтамасыз етеді. Құқықтық негіз — сайлауды тағайындау туралы акт; сілтеме төменде, «Анықтамалық ақпарат» бөлімінде келтірілген.
Бұл — жаңартылған Конституция жағдайындағы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша алғашқы сайлау науқаны. Құрылтай — заң шығарушы билікті жүзеге асыратын елдің жоғары өкілді органы.
145 депутат бес жыл мерзімге бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша — жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
Төменде науқанның барысы туралы негізгі мәліметтер жинақталған: партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары, сайлау бюллетеніндегі партиялардың кезектілігі, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және сайлауалды үгіт өткізуге арналған орындарды дайындау.
Партиялық тізімдерді тіркеу
2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша жеті саяси партияның партиялық тізімдері тіркелді — 145 мандатқа 545 кандидат. Әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптарды барлық партия орындады: олардың тізімдердегі жиынтық үлесі 43,9% құрайды. Кандидаттардың арасында — 172 әйел және 373 ер адам, мүгедектігі бар 19 кандидат және 35 жасқа толмаған 74 кандидат бар; орташа жасы — 45,4 жас.
Сайлау бюллетеніндегі партиялардың орналасу тәртібі
Бюллетеньдегі партиялардың кезектілігі жеребе арқылы айқындалды: 1. «Әділет»; 2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия; 3. «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы; 4. Қазақстан халық партиясы; 5. «Ауыл» партиясы; 6. Қазақстан Демократиялық «Ақ жол» партиясы; 7. «Respublica» партиясы. Жеребе нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының хаттамасымен бекітілді.
Халықаралық байқаушылар
2026 жылғы 1 шілдеде аккредиттеу басталған сәттен бастап шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 96 байқаушы аккредиттелді. Аккредиттеу тәртібі мен мерзімдері «Құжаттар» бөлімінде егжей-тегжейлі баяндалған.
Сайлауалды үгіт өткізуге арналған орындар
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша үгіт материалдарын орналастыру үшін 8 мыңнан астам орын, ал кандидаттардың сайлаушылармен кездесулері үшін — шамамен 4,5 мың орын дайындалды.
Сайлаудың негізгі кезеңдерінің мерзімдері
Сайлау науқанының барлық кезеңдерінің мерзімдері Негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарымен белгіленген. Құжат «Құжаттар» бөлімінде жарияланған.
Анықтамалық ақпарат
Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау тағайындау туралы — https://adilet.zan.kz/rus/docs/U2600001338.
Саяси партиялардың атауларын сайлау бюллетеніне енгізу туралы жеребе өткізу қағидаларын бекіту туралы — https://adilet.zan.kz/rus/docs/V990000844_.
Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары осы сайттың «Құжаттар» бөлімінде орналастырылған.
